Турлов Қазақстанда тағы бір банк пен маркетплейсті сатып алмақ

Қазақстандық миллиардер Тимур Турлов Freedom Holding-ті жаңа деңгейге шығаруға кірісті. Компания доллар мен юаньдағы облигация шығаруды, банк пен маркетплейс сатып алуды және SuperApp-ты АҚШ нарығына алып шығуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Турловтың айтуынша, балама нұсқа ретінде холдинг америкалық инвесторларға 300-500 миллион доллар (152,1-253,5 миллиард теңге) көлемінде облигация ұсына алады. Компания инвесторлар үшін қосымша сыйақы төлеуге дайын екенін де жасырмайды.
Freedom тобы жергілікті банк немесе маркетплейс сатып алу мүмкіндігін қарастырып қойған. Сонымен қатар холдинг шетел нарықтарында серіктестік орнату немесе компанияларды сатып алу арқылы кеңеюді жоспарлап отыр.
Елдегі ең ірі бөлшек брокерлік компанияны дамытқаннан кейін, Турлов банк, сақтандыру ұйымдары және өзге де активтерді сатып алып, көпсалалы экожүйе құрды. Экожүйе билет сату, онлайн кино платформасы, азық-түлік жеткізу және мобильді сервистерді қамтиды. Қазір ол қарызды тікелей Freedom Bank арқылы ма, әлде Nasdaq биржасында тіркелген холдинг атынан шығару тиімді ме деген мәселені таразылап отыр.
Турловтың айтуынша, банк облигация шығара алатын болса да, табыс көлемі 9% болатын қарыз алу мүлде тиімсіз, өйткені мұндай қарыз тым қымбатқа түседі.
"Мұндай шарт бізге тиімсіз", – деді ол Алматыдағы Ritz-Carlton ғимаратында орналасқан кеңсесінде берген сұхбатында.
Оның сөзінше, америкалық нарықта бедел қалыптастыру уақытты талап етеді, алайда бұл ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. Айта кетейік, көлемі шамамен 300 миллиард доллар (152,1 триллион теңге) болатын Қазақстан экономикасында бөлшек несие беру мен маркетплейс сегментінде Kaspi.kz көш бастап тұр. Ал оның басты бәсекелесі активтері бойынша елдегі ең ірі банк Halyk Bank.
Freedom Bank аталған екі алпауытпен де бөлшек клиенттер үшін бәсекеге түсіп, онлайн ипотека рәсімдеуді іске қосты. Компания клиенттерді кэшбэк пен танымал іс-шараларға билет ұсыну арқылы тартуда. Freedom кэшбэкті өз акцияларына байланған цифрлық монеталармен төлейді. Құрал Astana ETN арқылы тіркелген.
Компания мәліметінше, бірнеше жылға созылған қарқынды өсім нәтижесінде Freedom Holding Corp. холдингінің клиенттер саны өткен жылдың наурыз айының соңына қарай 5 миллионнан асты. Холдингтің негізгі қаржылық қызметтерін біріктіретін SuperApp мобильді қосымшасын 2025 жылдың наурызында ай сайын шамамен 1 миллион белсенді пайдаланушы қолданған. Алайда бұл көрсеткіш
Қазақстандағы екі жетекші қаржылық экожүйемен салыстырғанда әлі де айтарлықтай төмен. Бұл туралы S&P Global Ratings агенттігінің маусым айындағы есебінде айтылып, сонымен қатар топтың негізгі еншілес компаниялары бойынша болжамдар "оң" деңгейге көтерілген. S&P дерегіне сәйкес, 31 наурызға дейінгі алты ай ішінде холдингтегі қосарланған қаржылық левередж, яғни еншілес компанияларға инвестиция салу үшін бас компания деңгейінде қарыз алу 135%-дан 167%-ға дейін өскен. Негізінен, телекоммуникациялық бизнесті дамыту үшін арнайы құрал арқылы облигациялар шығару есебінен жүзеге асқан.
Сонымен қатар топ мемлекеттік бағалы қағаздардағы активтерін едәуір қысқартқан және теріс қайта бағалау нәтижесінде шығынды мойындаған. Соның салдарынан банк сегменті 31 наурызда аяқталған қаржы жылы бойынша шығынмен аяқталған. АҚШ-та саудаланатын Freedom Holding акциялары тамыз айындағы ең жоғары деңгеймен салыстырғанда шамамен 35%-ға арзандады. Бұған Қазақстан билігінің қаржылық реттеуді қатаңдатуы, соның ішінде ең төменгі резервтік талаптардың ұлғаюы әсер еткен.
Қазақстанда "теориялық тұрғыдан" сатылымға шығарылуы мүмкін бірнеше банк бар екенін айтқан Тимур Турлов, холдинг олардың бірін баланстық құнынан сәл төмен бағада сатып алып, кейін бірігу арқылы, әсіресе корпоративтік клиенттерге қол жеткізуді көздеуі мүмкін екенін жеткізді. Оның айтуынша, сатып алынатын банк кемінде Freedom Bank деңгейінде болуы тиіс. Қазіргі таңда Freedom Bank активтері 2,5 триллион теңгені (шамамен 5 миллиард доллар), ал капиталы 500 миллион доллар (253,5 миллиард теңге) болады.
Сонымен қатар Турлов жақын арада жергілікті маркетплейсті сатып алу жөнінде хабарландыру жасалуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Қазір топ электронды коммерцияны дамытудың түрлі жолдарын қарастырып жатыр, алайда нақты нысанды атаудан бас тартты. Bloomberg миллиардерлер индексінің дерегінше, Тимур Турловтың байлығы 5,3 миллиард долларға (2,69 триллион теңге) тең. Ол алдағы уақытта Freedom Holding бренді аясында серіктестік немесе сатып алулар арқылы шетел нарықтарында да өсімді жоспарлап отыр.
Тимур Турлов Freedom Holding-тің SuperApp өнімін АҚШ нарығында цифрлық экожүйе ретінде ұсынуға ниеті бар екенін айтты.
"SuperApp өнімін АҚШ нарығында цифрлық экожүйе ретінде ұсынуға қызығушылық танытып отырмын және оған апаратын дұрыс бағытты да іздеп жатырмыз. Біз финтех-лицензия алу немесе жергілікті банкпен серіктестік орнату нұсқаларын қарастырып отырмыз", – деді ол.
Турловтың айтуынша, банк лицензиясын тікелей алу немесе кредиттік ұйымды сатып алу қатаң реттеуші талаптарға байланысты едәуір күрделі. Компания, ең алдымен, өз банк және брокерлік өнімдерін АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктері нарығында жергілікті ойыншылармен серіктестік арқылы ұсынуды жоспарлап отыр. Ал Түркияда брокерлік лицензия алғаннан кейін, Турлов ол елде капиталға қойылатын талап шамамен 300 миллион доллар (152,1 миллиард теңге) болатын банк сатып алуды көздеп отырғанын айтты.
"Мұндай талаптарға сай келмейтін банктер өте көп", – деді ол.
Сонымен қатар Турлов өз мүддесін тек банк секторымен шектемейді. Ол телекоммуникациялық инфрақұрылым мен дата-орталықтарды дамытуға 200-300 миллион доллар (101,4-152,1 миллиард теңге) көлемінде инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Nvidia компаниясының инфрақұрылымы негізінде құны 2 миллиард доллар (1,014 триллион теңге) болатын хаб құру жөніндегі келісімге қол қойылғаннан кейін, бастапқы кезеңде чиптерге 100 миллион долларға (50,7 миллиард теңге) дейін қаржы жұмсалуы мүмкін екенін айтты.
Жобаның негізгі мақсаты Amazon мен Microsoft секілді ірі клиенттерге бұлтты сервистер ұсынатын, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерден бастап есептеу қуатын биржа арқылы сатып алатын клиенттерге қызмет көрсететін дата-орталықтар желісін құру екен.
Осы мақсатта Турлов Еуропа мен Қытайды байланыстыратын инфрақұрылым салуға инвестиция салуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, Қазақстан Қытаймен экономикалық байланысын күшейтіп келеді. Сонымен қатар холдинг Гонконгта міндеттеме жүктемейтін роуд-шоулар өткізген. Турловтың айтуынша, топ қытай юанімен номинирленген Dim Sum облигацияларын орналастыру мүмкіндігін де қарастырып отыр.
"Әрине, бұл қарыз тарту үшін ең тартымды валюталардың бірі. Сондықтан белгілі бір мүмкіндіктер бар", – деді Тимур Турлов.
- Канадалық Laramide компаниясы Қазақстанда уран барлау жобасынан бас тартты
-
Алюминий қаптама өндіретін қытайлық компания Қазақстанда зауыт салмақ
Еске салайық, бұған дейін Тимур Турлов "Транстелеком" компаниясын сатып алатынын жазған едік. Freedom Holding Corp компаниясының негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Тимур Турлов "Транстелеком" компаниясының ірі акция пакетін сатып алуға келісімге келгенін жариялады.
Танымал продюсер еңбек өтілін дәлелдей алмағандықтан зейнетке шыға алмай жүр