Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тілімді қайшымен кеспек болды": Павлодарда 7 жасар бала өзіне шабуыл жасалғаны туралы оқиғаны ойдан шығарып алған

Фото: freepik.com

Павлодарда 7 жасар баланың “оқушылар тілімді кеспек болды" деген оқиғаны ойдан шығарып алғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Павлодар облыстық полиция департаменті мектеп оқушыларына қатысты тараған ақпаратқа қатысты жаңа мәлімдеме жасады. Бұған дейін 7 жасар бала өзіне бірнеше мектеп оқушылагы шабуыл жасап, қайшымен тілін кесуге тырысқанын айтқан еді. Полиция аталмыш ақпараттың расталмағанын мәлімдеді.

Полиция қызметкерлері көршілерден жауап алып, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексергеннен кейін ешқандай шабуыл болмағанын анықтаған.

"Тексеру барысында баланың әткеншекке мінгені, содан кейін қызығушылықпен ерні мен тілін темірге өзі тигізгені белгілі болды. Қанды көрген соң қорқып, әкесінің назарын аудару үшін оқиғаны ойдан шығарған. Анасының қатысуымен оған түсіндіру әңгімесі жүргізілді. Баланың заңды өкіліне мектеп психологына жүгіну ұсынылды", – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Дәрігерлер баланың жағдайын бақылауда ұстап отыр. Бала ауруханадан шыққаннан кейін оның әрекеті кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралады.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда оқушылар 7 жасар баланың тілін кеспек болғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 10 Желтоқсан, 2025 22:35