TikTok-тағы видео полиция қызметкерінің сотталуына себеп болды

Атыраулық жүргізуші 2023 жылы жол ережесін бұзып, оның видеосы 2025 жылы әлеуметтік желіде тарап кетті. Бейнежазба жүргізушінің емес, полиция қызметкерінің сотталуына себеп болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайық” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылдың жазында қала тұрғыны Toyota Sienna автокөлігімен Абай Хан даңғылы арқылы әуежайға баратын жолда қарсы жолаққа шығып кеткен. Машинада отырған достары бұл сәтті телефонға түсіріп алған. 2025 жылдың 15 желтоқсанында ер адам видеоны TikTok желісіне жариялаған соң видео желіде тез тарап кетті. Тіпті патрульдік полиция батальонының қызметтік чатында тараған. Бөлімше командирі жүргізушіні анықтауды тапсырған.
Бейнежазбадағы жүргізуші полиция қызметкерінің танысы болып шыққан. Ол танысын тауып, тіпті құқық бұзушының ата-анасының үйіне барды. Сөйтіп құқық бұзушы Атырау қаласының полиция басқармасына жеткізілді.
Айыпталушының сөзінше, басшылықтың тапсырмасымен жүргізушіні камераға түсірген: ол жасаған жол ережесі бұзушылығы туралы айтып, кешірім сұрауы керек болған. Осыдан кейін іс осымен аяқталуы тиіс еді, өйткені сол уақытқа дейін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткен. Алайда бұл оқиға жалғасын тапты.
Полиция қызметкері қала тұрғынына жүргізуші куәлігінен айырылып, айыппұл арқалауы мүмкін екенін айтқан. Сөйтіп мәселені шешу үшін 100 мың теңгеге талап етіп, ақша табуға бір апта уақыт берген.
Бірнеше күннен кейін ол қайта қоңырау шалып, келісім туралы есіне салған. Жүргізуші телефон қоңырауларына жауап бермей қойған соң, полиция қызметкері оның туыстарына хабарласқан. Осыдан кейін жүргізуші Атырау облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне арызданған.
Кейін полиция қызметкерінің нұсқауымен ер адам Kaspi қосымшасы арқылы 90 мың теңге аударған.
“Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Сот оны қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі (Пара алу”) бойынша кінәлі деп тапты. Ол полиция сержанты арнайы атағынан және мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ сот оған пара сомасының отыз есесіне тең 2 миллион 700 мың теңге айыппұл тағайындады. Қамауда және үйқамақта болған уақыты есепке алынып, айыппұлдың соңғы мөлшері 2 миллион 388 мың 600 теңге болды. Соынмен қатар полиция қызметкеріне аударылған 90 мың теңгені сот жүргізушіге қайтаруды міндеттеді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Қазақстанда шетелдіктер тұрақты тұру үшін қазақ тілінен тест тапсырады: Бұл талап интеграцияны күшейте ме, әлде көшуге ниеттілерді азайта ма?