Теріс діни ағымнан қайтқан 52 жастағы шымкенттік азаматтың оқиғасы
52 жастағы шымкенттік Бекзат Тұрсынов отбасылы адам, екі баланың әкесі. Арыс қаласында туып-өскен, жоғары білім алған. Ол 10 жыл бұрын Шымкентке көшіп келген соң намазды талтайып оқитындар қатарына қосылғанын айтады.
Бұл туралы Азаттық хабарлайды.
Ибн Таймияның кітабын оқып, сол жолды дұрыс деп ойлаған. Иегінде жұқа сақалы бар азамат енді ғана ол жолдан қайта бастаған.
«Бастапқыда бұл жолды дұрыс деп сендім. Намазда талтайып тұрып, қолды кіндіктен жоғары көкірекке ұстап намаз оқитынмын. Кейіннен мұның дұрыс еместігін түсіне бастадым», – дейді ол.
Бекзат Тұрсынов Таймия кітабында Қазақстан қоғамына сай келмейтін талаптар бар екенін айтады.
Ол «Намазсыз адамның қазасына баруға бола ма? Әйелдермен бір жерде отыруға болмайды деген шектеулер болды ма» деген сұраққа былай жауап берді:
«Ондай шектеулер болды. Бірақ мен жаназаға бара беретінмін. Өзімнің туыстарым болғандықан, араласып жүргендіктен намазсыз адамның қазасына барып жүрдім», – дейді ол.
Тұрсынов бұл жолға 2007 жылы мешітке келушілерге ілесіп жүріп түскенін айтады.
Ол теріс жолдан арылғанымен балақ қысқарту дұрыс деген кейбір бұрынғы ойлрынан әлі арылмаған. Ол балақ қысқартудың Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетіне сай екенін айтады.
«Ол орысша-қазақша сауатты кісі. Қазір жұмыс істеп жатқанымызға 1 жарым жыл уақыт болды. Ең алғаш көргенімде қолын намаз кезінде жоғары көтере берді. Намаз соңында бет сипаған жоқ. Сақалы кіндігінен жоғары өте ұзын, ал балағы өте қысқа еді. Сосын мен онымен танысуға бел байлайдым. Біз ақида туралы көп сөйлесіп, дауласып жүрдік. Кейін ол әділдіктің біз жағында екенін ұғына бастағанын айтты. Бекзат Тұрсынов бізге жақындай бастағанда, оның жанындағы өзге ағым жетегіне жүргендер одан алыстай бастады. Онымен амандасуды харам санап, мүшрік деп айыптады», – дейді Оңтүстік орталық мешітінің найб имамы Амантай Сайдиев.
Имам Тұрсыновты өзімен бірге жиындарға ертіп жүріп, үйіне қонаққа барып қуанышын бөлісіп жүріп, зорлықпен емес, сабырлықпен дәстүрлі ислам жолына алып келген.