"Сүйген қызым орыс": Qaznews24.kz парақшасының авторынан сотта жауап алынды
10 сәуірде Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында Qaznews24.kz парақшасының авторы Темірлан Еңсебекке қатысты іс қаралды. Сот отырысында адвокат пен мемлекеттік айыптаушы сотталушыдан жауап алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
10 сәуірде өткен сот отырысына Темірланның өзі әдеттегідей онлайн режимде қатысты. Тергеу изоляторының әкімшілігі бүгін сот болатынын ескертпегенін айтты. Ол процеске күтпеген жерден қосылды.
Адвокат Еңсебектен этникалық орыстарға өшпенділігің бар ма, деп сұрады. Ол өзінің сүйген қызының орыс екенін, екі ұлттың мерекелерін бірге тойлайтынын, орыс ұлтынан достары көп екенін айтты.
"Айыптау қорытындысында жазылғанның бәрі бос сөз", – деді ол.
Сондай-ақ ол Qaznews24-те жарияланған фото мен мәтінде орыс ұлтына қарсы бірде-бір сөз жоқ екенін тағы да қайталады.
“Жазбаның барлығы Қазақстан туралы жағымсыз мәлімдемелер жасаған Тина Канделакиге арналған. Ресейдің өзі Украинада соғысып жатқан фашистерді іздеп жатқанда, ол Қазақстаннан нацистерді іздейді", – деді Еңсебек.
Еңсебек сараптама "Йоу, орыстар!" әні бойынша жасалғанын айтты. Тергеу барысында оған сараптама немесе апелляция туралы сұрақ қою құқығы берілмеген.
"Ең қызығы, менің үстімнен қылмыстық іс алдын ала қозғалып, алдын ала сараптама жүргізіліп, жеті айдан кейін ғана келді. Олар маған келгенде: "Жігіттер, жеті айдан бері не істеп жүрдіңдер?" деп күлдім. Егер ауыр қылмыс белгілері болса, полиция дереу әрекет етуі керек еді", – дейді Темірлан.
Ақымақ рэпті қалай байыппен қабылдауға болады
Сондай-ақ ол “Йоу, орыстар!” әнінің рэп жанрында жазылғанын айтты. Оның дуэль форматында орындалып, екі рэпердің бірін-бірі сөзбен түйрейтінін жеткізді. Темірлан Еңсебектің сөзінше, сатира – қазақ даласында бұрыннан қолданыста бар жанр.
"Айтыстың өзі де – сатираның бір түрі. Айтыскерлер домбыра тартып, сотта әділетсіз шешім шығарған әділетсіз байды, сұлтанды немесе биді келемеждейді. Сондай-ақ әділетсіз, арам, жемқор билікті келемеждейді. Мен сол қазақ дәстүрін жалғастырдым, бірақ журналистика форматында”, – дейді белсенді.
Еңсебек елдегі өткір оқиғаларды әзіл-қалжыңға айналдырып көпшілікке Instagram парақшадағы жазба арқылы жеткізгенін айтты.
Прокурор Дидар Қабаев Еңсебектен жазбада әдепсіз сөздер болғанын, неліктен дәл сол әнді таңдағанын сұрады.
Еңсебек оның іс жүзінде халықтың сөз тіркесіне айналғанын, ал 2024 жылға қарай соғысқа қарсы жазбаларда жиі қолданылғанын жеткізді.
"2022 жылы алғаш естігенде мен де таңғалдым. Бірақ 2024 жылы ол бүкіл жерде қойылды. Бұл ән ешкімді таңғалдырмайтындай деңгейге жетті. Бұл әндегі балағат сөздерге бәрі үйреніп қалған. Одан ешкім қорлайтын сөз естімеді. 2024 жылы бәрі бұл әннің Украинадағы соғысқа қарсы наразылықтың бір түрі екенін түсінді", – деді ол.
Прокурор әнде Украина туралы ештеңе жоқ екенін жеткізді.
Ал Темірлан Еңсебек бұл ән үшін өзіне қылмыстық іс қозғалғанын, бірақ полицейлердің әннің авторы кім екенін табуға тырыспағанын жеткізді.
"2022-2023 жылдары бұл ән барлық жерде шырқалып, ешкімді қызықтырмайтын деңгейге жетті. Ал 2024 жылы Qaznews24.kz парақшасында жарияланған жазба арнайы таңдалды. Ал бұл менің қудалауымның саяси астары бар екенін көрсетеді", – деді Еңсебек.
Сонымен қатар ол әнге мән бермегенін айтты.
"Балағат сөздерден тұратын ақымақ рэпті қалай байыппен қабылдауға болады? "Ән мағынасыз болғандықтан, оны ешкім байыппен қабылдаған жоқ", – деді ол.
Еңсебектен жауап алу аяқталып, сот отырысы 11 сәуір, жұма күні жалғасады. 11 сәуір күні сотта куәгерлерден жауап алынады.
Еске салайық, Qaznews24.kz парақшасының авторы, белсенді Темірлан Еңсебек 17 қаңтарда ұсталған еді. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру" бабы бойынша іс қозғалған.
Кейін полиция департаменті Темірлан Еңсебекті “ұлтаралық алауыздықты қоздыратын айқын белгілері бар материалды орналастырғаны” үшін ұстағанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының дерегінше, қазір Еңсебек Instagram парақшасында жариялаған “Йоу, орыстар” әнінің авторы іздестіріліп жатқан көрінеді.