Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Туыстары Оралда мерт болған келіншекті қайынатасының өлтіргеніне сенбейді

Оралда өлтірілген семейлік әйелдің туыстары баланы өздеріне ала алмауда. Туыстары келінінің өлімін қайынатасы мойнына алғанымен, оны бұрынғы күйеуі өлтіргенін айтуда.

Бұл туралы марқұм әйелдің ағасы айтып берді, деп хабарлайды Уральская неделя.

«Біз бұл отбасыдан баланы алып кетпек болдық. Бірақ қаланың мемлекеттік органдары бұрынғы күйеубаламыздың ата-ана құқығынан айырылмағаны себепті баланы алуға рұқсат берген жоқ», – дейді ағасы.

Марқұмның ағасы тергеу ісіне күмәнмен қарайтынын жеткізді.

«Мен куәгерлердің айтуы бойынша, сол күнгі оқиғаның қалай болғанын анықтап көрдім. Ақерке Оралға келе салысымен бұрынғы күйеуінің үйіне барған. Ол жерде баласы енесімен қыдырып жүргенін көреді. Ақерке оған жақындап барып, өз баласымен қыдырғысы келетінін айтады. Бірақ бұрынғы күйеуінің ата-анасы оны қуа бастайды. Бірнеше көрші сол күні кешірек бұрынғы күйеубаламыз Саятты көрген. Айтуларынша, ол ашулы күйде болған. Бүгін қай күн және қаншасы деп сұрай беріпті. Біз қарындасымыздың денесін көрдік. Оның денесіндегі жарақаттарға қарап, өмірі үшін соңына дейін арпалысқаны байқалады. Қылмыскердің де денесінде жарақат іздері қалуы тиіс. Сондықтан медициналық сараптамадан Саяттың өзінің өтуін сұрадық. Бірақ адам өлімін әкесі мойнына алғандықтан, сараптама жасаудан бас тартты. Білуімізше, Саяттан жауап та алмаған секілді», – дейді ағасы.

Айта кетейік, 8 сәуір күні Семей тұрғынын өлтіріп кеткен еді. Бұл жайлы полицияға әйелдің бұрынғы қайынатасы Асылбек Омаров хабарлаған. Ол өзінің 2 жасар немересін бергісі келмегендіктен келінін өлтіргенін айтты.

Марқұм әйел күйеуімен бірнеше ай бұрын ажырасқан. Ағасының айтуынша, қарындасының бұрынғы күйеуі Саят Қозыкешов Семейге келіп, бұрынғы әйелінен баланы ұрлап Оралға әкеткен.

 

Талқылау