Батыс Қазақстан облысында өрт болып, балалар терезеден секірді (видео)
БҚО-дағы Ақсай қаласында 22 қарашада 10-шағын ауданы, №19 үйде өрт болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой город сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Батыс Қазақстан төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, төртінші қабаттағы пәтерде 60 шаршы метр жиһаз бен жеке заттар жанып кеткен.
Өрт үлкейіп жатқандықтан, екі бүлдіршін төртінші қабаттың терезесінен секіреді, ал төменде оларды керілген шүберекпен ер адамдар ұстап алады. Өкініштісі, екінші бала құлағаннан кейін шүберектің шеті үзіліп кетті.
Батыс Қазақстан денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жедел жәрдем бригадасы зардап шеккен үш адамды Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізгенін хабарлады.
“Қазіргі уақытта 4 және 8 жастағы екі бала, сондай-ақ 43 жастағы әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Оларға қажетті ем қабылданады", – деп түсіндірді БҚо денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ақсай қалалық әкімдігі жағдай өз бақылауында екенін, отбасына көмек көрсетілетінін хабарлады.