Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Элиталы тұрғын үй кешендеріндегі қымбат пәтерлерде тоңып отырған қазақстандықтар құрылыс компанияларына шағымданды

Фото: Видеодан скрин

Алматыдағы "Centrium" элиталы тұрғын үй кешенінің тұрғындары алғашқы аяз түсе сала “жайлы өмірдің” орнына терезесі мұз болып қатқан пәтерлерде күн көруге мәжбүр болғандарын айтып, құрылыс компаниясына шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыда "Centrium" атты элиталы тұрғын үй кешенінен пәтер алған тұрғындар адам төзгісіз жағдайға шағымданып жатыр. Кешен Абай даңғылы мен Розыбакиев, Мыңбаев, Радостовец көшелерінің аралығындағы аумақта орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, аяз басталғаннан кейін пәтерлердегі терезелерге мұз болып қатып қалған. Дәлел ретінде олар видео да көрсеткен.

"Біздің терезеде осындай жағдай болып тұр. Не деген сұмдық? Өте қорқынышты жағдай. Мұз тіпті терезенің жартысына дейін көтеріліп кеткен. Масқара!" – дейді тұрғындардың бірі.

Тұрғындардың сөзінше, қоныстанғаннан кейін олар құрылыс компаниясы "Crystal Solutions" тарапынан көптеген кемшіліктер мен аяқталмаған жұмыстарға тап болған. Ал тұрғындар айтып отырғандай, компания бұл мәселелерге қатысты шағымдарды елемей, үнсіз қалған.

Пікір қалдырушылар Қазақстанда "элиталы үй" деген ұғымға сенбейтінін айтып, мұндай үйлерде сапа мәселесі жиі кездесетінін сынға алды. 

Кейбірі мұны сатып алушылардың аңғалдығымен байланыстырса, енді бірі мұндай сөздердің қызғаныштан шығатынын айтып, адамдар тек тұрмысын жақсарту үшін үй алатынын және кез келген адам адал емес құрылысшыға тап болуы мүмкін екенін жеткізді. Тағы бір топ "шын мәнінде адал құрылыс компаниясы бар ма?" деп күмән келтіріп, кеңестік кезеңдегі үйлердің сапасы жақсырақ болғанын атап өтті. Сонымен қатар "элиталы" деген атаудың орынсыз екені, құрылысшылардың терезе сияқты бөлшектерден үнемдеуі мүмкін екені де айтылды.

Тұрғындардың шағымынан кейін, құрылыс компаниясы редакция сұрауына жауап берді. Компания өкілдерінің мәліметінше, бұл мәселе жаппай сипатқа ие емес және бір реттік оқиға ретінде қарастырылып отыр. Сондай-ақ олар кешен бойынша арнайы комиссия құрылып, тәуелсіз техникалық мамандардың қатысуымен толық тексеріс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

"Ең әуелі, бұл жағдай жаппай сипатқа ие емес екенін және жекелеген, бір реттік оқиға екенін атап өтеміз. Өтініш түскен бойда комиссия жедел түрде құрылды. Қазір жан-жақты техникалық сараптама жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысы бойынша жағдайдың туындау нақты себебі анықталады. Тексеру бір ғана пәтер шеңберінде емес, тұрғын үй кешеніндегі барлық пәтерлер бойынша тексеріледі", – делінген жауапта.

Компания өкілдері қорытынды сараптама нәтижесіне қарай, егер құрылыс салушы тарапынан кемшілік анықталса, ол кепілдік міндеттемелер аясында белгіленген мерзімде жойылатынын атап өтті.

Алматы әкімдігі бақылауға алды

Алматы әкімдігі тұрғындардың өтінішіне байланысты аталған мекенжайдағы балкон витраждарының мұздануына қатысты жағдайды бақылауға алып, құрылыс салушы компаниядан ресми түсініктеме алды. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде мұздану себебі анықталып, мәселені кепілдік міндеттеме аясында жою жұмыстары белгіленді.

"Құрылыс салушы тараптың мәліметінше, визуалды тексеріс барысында витражды құрылымдарда мұз қату фактісі тіркелген. Балконның ішкі жағынан герметиканың бұзылуы немесе конструкциялардың зақымдануы анықталған жоқ. Фасад бөлігін ашып қарау кезінде минералды мақтадан жасалған жылу оқшаулағыш плитаның өртке қарсы бөгеуіштен ішінара ажырап қалғаны белгілі болды. Соның салдарынан жылу алмасу қарсылығы төмендеген жергілікті аймақ (“суық көпір”) пайда болып, витраж конструкциясының ішкі бетінің температурасы төмендеп, бір пәтер бойынша мұздануға әкелген", – деп жауап берді Алматы әкімдігі.

Кепілдік аясында бас мердігер фасадтың бір бөлігін қосымша ашып қарап, жылуоқшаулағыш плитаның дұрыс бекітілген-бекітілмегенін тексереді. Қажет болса қосымша бекітпелер орнатып, жылу өткізбей тұрған жерін қалпына келтіреді. Жұмыстар 2026 жылғы 28 қаңтарға дейін аяқталады дейді әкімдік.

Фото: Алматы әкімдігі жіберген

Сонымен қатар тағы бір қазақстандық желіде BI Group тұрғын үй кешеніндегі суық пәтерге байланысты компанияға көңілі толмайтынын жеткізді.

Астанадағы "Токио" тұрғын үй кешенінде тұратын көпбалалы ана Айсұлу Мұсаева BI Group компаниясына қатысты желіде қайтадан шағым жариялады. Оның айтуынша, "бизнес-класс" ретінде ұсынылған үйдегі пәтерде бөлмелер суық болып, аяз қабырғалар мен терезе саңылауынан өтіп, отбасына күнделікті тұрмыс пен денсаулық тұрғысынан қиындық тудырып отыр.

"BI Group, осы шағыммен сіздерге екінші рет қайта жүгініп отырмын. Солтүстік қалада суық пәтерде тұру, оның үстіне “бизнес-класс” деп көрсетілген үйде бұл қалыпты жағдай емес әрі мүлде жол беруге болмайды. “Токио” тұрғын үй кешеніндегі 4 бөлмелі пәтерімде барлық бөлмеде үнемі суық. Суық қабырғалардан, терезе ойықтарынан, терезе алды тақтайларынан өтеді. Үй ішінде жел үрлегендей сезіледі, кей жерлері тоңазып тұрады. Біз балаларыммен бірге үнемі жылы киініп жүруге мәжбүрміз. Соның салдарынан жиі ауыра бастадық, өйткені пәтеріміз үнемі суық", – деп ашуланды Айсұлу Мұсаева.

 Сонымен қатар тұрғын желідегі парақшасына суық пен жылудың қандай температурада тұрған фотосын жариялаған.

Фото: Айсұлу Мұсаеваның желідегі парақшасынан

Астаналық тұрғынның сөзінше, енді “жайлылық” мәселесі емес денсаулық пен қауіпсіздік мәселесіне айналды.

"Бұған дейін де бірнеше рет жүгіндім. Кейін мәселені жоюға әрекет жасалды. Кей жерлері ішінара жылыланды (қасбет жағынан да, төменгі бөлігінен де). Сонымен қатар пәтердің астында желдеткіш шахтасы бары анықталды. Ол жылуды азайтып жіберуі мүмкін. Бірақ факт өзгермеді, мәселе әлі күнге дейін толық шешілген жоқ", – деді Айсұлу Мұсаева.

Кейін Айсұлу Мұсаева BI Group комиссиясы пәтерін келіп тексеріп кеткенін айтты.

"Тексеру нәтижелері, ғимараттың көтергіш конструкцияларының температурасы бойынша өлшемдер және жылылау жұмыстары қарастырылып, анықталған сәйкессіздіктерді жоюға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізу туралы шешім қабылданды. Осы жұмыстар бойынша жауапты тұлғалар сізбен байланыста", – деп жауап берді BI Sales өкілі.

Компания өкілінің сөзінше, инженерлік шешімдерде қателіктер барын мойындап, оны түзетеміз деп уәде береді (қаптау/түйіндерді қайта өңдеу, жетілдіру).

Фото: Айсұлу Мұсаеваның желідегі парақшасынан

STAN.KZ
Сәрсенбі, 21 Қаңтар, 2026 16:42