Алматыда теракті жоспарлаған радикалды топтың үш мүшесі ұсталды
Ұлттық қауіпсіздің комитеті теракті жоспарлаған радикалды топтың үш мүшесі ұсталғанын мәлімдеді.Биылғы жылдың басынан Алматы қаласында ҰҚК органдары 29 радикалды ниеттегі тұлғалардың қылмыстық әрекетінің жолын кесті.
Фото: ҚР ҰҚК ресми сайтынан
Қазақстанда құқық қорғау және арнаулы органдардың қызметкерлеріне қатысты террористік актілер жасауды жоспарлаған радикалды топтың үш мүшесін ұстады деп хабарлады сейсенбі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
“2016 жылғы 10 қазанда Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері құқық қорғау және арнаулы органдардың қызметкерлеріне қатысты террористік актілер жасауды жоспарлаған радикалды топтың үш мүшесін ұстады”, — делінген хабарламада.
ҰҚК мәтілемтінше, ұсталғандардан қолдан істелетін жарылғыш құрылғы құрауыштары және детонаторлар, теракті жасауға үндейтін діни-экстремистік материалдар алынды.
Биылғы жылдың басынан Алматы қаласында ҰҚК органдары 29 радикалды ниеттегі тұлғалардың қылмыстық әрекетінің жолын кесті. Жедел-тергеу іс-шаралары әлі де жалғасуда.