Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Теңіз қарақшылығы”: АҚШ Иран порттарына қарсы блокада енгізді

Әскери кемелерФото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран порттарына теңіз блокадасын енгізу туралы шешімі күшіне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Аймақтағы АҚШ әскери қолбасшылығы Ормуз бұғазы арқылы басқа елдерге немесе сол елдерден өтетін кемелердің қозғалысына кедергі келтірмейтінін мәлімдесе де, мұнай бағасы қайтадан барреліне 100 доллардан асты.

Дональд Трамп блокада ресми басталғаннан кейін көп ұзамай өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында Иран флотының жойылғанын, бірақ әлі де әскери катерлері бар екенін жазды. Трамптың айтуынша, бұл катерлер "АҚШ  блокадасына жақындауға" әрекет жасаса, бірден жойылады.

Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Галибаф елдің "қоқан-лоққыға берілмейтінін" мәлімдеді. Ал Ислам революциясы сақшылары корпусы бұғазға жақындаған әскери кемелерге қатысты "қатаң шаралар қолданылатынын" ескертті.

Трамп Ормуз бұғазына блокада жариялау туралы шешімді Исламабад қаласында өткен АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер сәтсіз аяқталғаннан кейін қабылдады. Келіссөздер барысында тараптар алдағы әрекеттер жөнінде ортақ мәмілеге келе алмаған.

Алғашында АҚШ президенті Ормуз бұғазына кіруге немесе одан шығуға әрекеттенген барлық кемелер ешбір ерекшеліксіз тоқтатылатынын мәлімдеді. Алайда кейінірек бұл шектеу тек Иран порттарына бағыт алған немесе сол порттардан шыққан кемелерге ғана қатысты екенін нақтылады.

АҚШ Орталық қолбасшылығы теңізшілерге арналған ресми хабарламасында блокада Оман шығанағы мен Араб теңізі аумақтарында, Ормуз бұғазының шығыс жағында жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ бұл шара кемелердің қай елдің туы астында жүруіне қарамастан, барлығына бірдей қолданылатыны атап өтілді.

"Блокада аймағына кірген немесе одан рұқсатсыз шыққан кез келген кеме ұсталып, бағыты өзгертіліп, тәркіленеді. Ормуз бұғазы арқылы Иранға қатысы жоқ бағыттар бойынша бейтарап транзиттік өтуге кедергі келтірілмейді”, — делінген хабарламада. 

Иран қарулы күштерінің өкілі АҚШ тарапынан енгізілген шектеулерді "қарақшылық әрекет" деп бағалады. Ол Иран порттарына қауіп төнген жағдайда Парсы шығанағы мен Оман шығанағы аймақтарындағы бірде-бір порт "қауіпсіз болмайтынын" ескертті.

BBC тілшісінің мәліметінше, америкалық кемелер Иранның ірі порттарының аумағында патруль жүргізе алмайжы, бұл бірден зымырандар немесе дрондар шабуылына ұшырау қаупін тудырады. Таяу Шығыстағы АҚШ қарулы күштерінің қолбасшылығы, спутниктік суреттер мен басқа да барлау деректерін пайдалана отырып, Иран порттарынан шыққан кемелерді және олардың кімге тиесілі екенін анықтайды. Тіпті бұл кемелердің AIS (автоматты сәйкестендіру жүйесі) транспондерлері өшірілген жағдайда да, жағалаудан қауіпсіз қашықтықта жүрген АҚШ әскери кемелері оларды Оман шығанағына шыққан бойда оңай анықтап, ұстап ала алады.

Тегеран мұны “теңіз қарақшылығы” деп атап, Парсы шығанағындағы көрші араб порттарына қарсы шаралар қабылдайтынын ескертті.

Басылым Иранның одақтастары блокаданың Қытай мен Ресей кемелеріне қатысты қандай шара қолданатыны түсініксіз екенін алға тартады. Себебі кемені тінту реми түрде соғыс әрекеті болып саналады, ал Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелердің едәуір бөлігін Қытайға тиесілі. Егер Қытай өз кемелерін әскери кемелермен сүйемелдеуге шешім қабылдаса (Қытайдың Джибутиде әскери базасы бар), блокаданы қалай ұстап тұру мүмкін болатыны да белгісіз, дейді BBC тілшісі.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер нәтижесіз аяқталғаны туралы жазған едік. Исламабадта 21 сағатқа созылған талқылаулар нәтижесінде тараптар бейбіт келісімге келе алмады, ал Ормуз бұғазы мен ядролық бағдарлама басты даулы мәселеге айналды.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 13 Сәуір, 2026 22:54