Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы орташа 540 теңге болады: Премьер теңгенің болашағына қатысты болжамын айтты

АқшаФото: pixabay.com

Премьер-министр үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте теңге бағамына қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Доллар бағамы нарықтық факторлар негізінде қалыптасатынын білесіздер. Яғни Ұлттық банк бұған араласпайды. Бүгінде біздің және сарапшылардың бағалауы бойынша, теңгенің күрт әлсіреуіне алғышарттар жоқ", – деп сендірді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ ол келесі жылдың бюджеті қандай параметрлерге сәйкес жасалғанын айтты.

"Қазір біз үкіметте бюджетпен жұмыс істеп жатырмыз және мұнайдың бір баррелі 60 доллар болған жағдайда, доллардың теңгеге шаққандағы айырбастау бағамы 540 болады деген базалық сценарийді негізге алып отырмыз. Бұл – базалық сценарий. Пессимистік сценарий бар, егер кенеттен мұнай бағасы барреліне 50 долларға дейін төмендесе, онда басқа механизмдер енгізіледі. Бірақ біз базалық сценарий қазір ең шынайы нұсқа деп есептейміз", – деп атап өтті премьер-министр.

Еске салсақ, үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда инфляцияны жыл соңына дейін 10 пайызға дейін төмендету көзделіп отырғанын мәлімдеді.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 15 Шілде, 2025 11:25
Талқылау