"Теңге тұрақтылығын дәлелдеді": Ұлттық Банк доллардың құлдырау себебін түсіндірді

Ұлттық Банктің төрағасы Тимур Сүлейменов доллардың не себепті құлдырап жатқанын және оның қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігіне қалай әсер ететінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистердің доллардың құлдырауына қатысты жауап берген Тимур Сүлейменов теңгенің нығайып жатқанын айтты.
“Доллар бағамы өссе, әрине, бізге ұнамайды. Сонда төмендесе де ұнамайды ма? Жалпы, теңге нығайып жатыр деп айтуға болады. Бірақ бұл – қарапайым экономика заңдылығы. Қазақстанның негізгі экспорттық тауары – мұнай қымбаттап жатыр. Елдің экспорттық кірісінің 50%-дан астамы мұнай арқылы келеді. Көлемі өзгермегенімен, бағасы өсіп жатыр, соған сәйкес экономикадағы және валюта нарығына түсетін экспорттық түсім де артып келеді. Сондықтан доллар бағамы төмендейді”, – деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.
Журналистер мұндай жағдайда долларға ақша салған қазақстандықтар ұтылуы ықтимал екенін айтты. Сондай-ақ олар Ұлттық қор активтері де долларға ауыстырылғандықтан, ұқсас жағдай болуы мүмкін екенін атап өтті.
“Ұлттық қор ұтады немесе ұтылады деп айтуға болмайды, себебі біз оның тек валюталық бөлігін қараймыз. Ол доллармен есептеледі және теңгеге қайта есептелмейді. Ал қазақстандықтарға келсек, біз “ақшаны қайда сақтау керек” деген сияқты инвестициялық кеңес бере алмаймыз. Айтарымыз – қазақстандық теңге өзінің тұрақтылығын дәлелдеді”, – деді Тимур Сулейменов.
Ұлттық банк басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша теңге “жоғары табыстылығын” көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ Тимур Сүлейменов халықаралық рейтингтер бойынша теңгенің “ең тартымды валюталардың бірі” екенін, сол себепті инвистиция тартатынын айтты.
"Тарифтер өсіп, мобильді аударымдарға бақылау күшейеді": 1 сәуірден бастап Қазақстанда не өзгереді