Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теміртауда магистральдық жылу құбырында апат болды: Ондаған үй жылусыз қалды

Фото: Ru.freepik.com

13 қаңтар күні Теміртауда магистральдық жылу құбырында апат болып, салдарынан мыңдаған тұрғыны жылусыз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жылу құбырында апат болып жатқанда, ауа райы температурасы күрт төмендеп жағдайды одан сайын ушықтырды. Төтенше жағдай салдарынан 8-шағынауданда шамамен 40 көпқабатты тұрғын үй және Отрадное ауданындағы ондаған жеке үй жылусыз қалды. Сондай-ақ бірқатар бизнес нысандары мен әлеуметтік сала объектілерінде жылу беру уақытша өшірілді.

Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтің айтуынша, магистральдық жылу құбырындағы апат 1970-жылдардан бері күрделі жөндеуден өтпеген құбырдың ескі бөлігінде болған.

“Зақымданған орын анықталды, мамандар қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Апатты-қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеп жатыр, барлық қажетті күштер мен техника жұмылдырылды. Ақауды барынша қысқа мерзімде жою үшін жұмыстар үздіксіз режимде жүргізіліп жатыр”, — деп жазды қала басшысы желідегі парақшасында.

14 қаңтар күні сағат 13:00-ден бастап жоспардан тыс жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жылу желісінің бір бөлігі ажыратылды. Соның салдарынан 8-шағынаудандағы үйлер уақытша ыстық су мен жылусыз қалды.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, қазір Теміртауда жөндеу жұмыстары толық аяқталып, жылу трассасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үйлерге жылу қосылу үшін уақыт қажет екені атап өтілді. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 14 Қаңтар, 2026 16:34