Темірлан Еңсебекке қатысты сот отырысы басталуына жарты сағат қалғанда болмай қалды
Qaznews24.kz парақшасының авторы Темірлан Еңсебекке қатысты сот отырысы басталуына жарты сағат қалғанда кейінге қалдырды. Белсендіні қолдау үшін бір топ адам сот ғимаратының алдына жиналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фотода Темірлан Еңсебек
14 ақпанда Алматыдағы Алмалы аудандық сотында Qaznews24 парақшасының авторына қатысты алғашқы сот отырысы өтуі керек еді. Алайда ол 21 ақпанға ауыстырылды. Мұны прокурордың өтініші бойынша кейінге қалдырды деп түсіндірді.
Сот ғимаратының алдына Темірлан Еңсебекті қолдауға белсенділер мен достары жиналды. Олар сотты еш ескертусіз кейінге қалдыра салғанына наразы. Темірланның қолдаушылары сот алдында жарты сағат тұрып, “Темірланға бостандық!” деп ұрандатты.
Фото: Stan.kz
Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсендісі Жанель Шахан белсендінің ісіне қатысты соттың қызметіне көңілі толмады. Сөзінше, құзырлы орган қызметкерлері Еңсебектің ісіне қатысты ақпарат бермей, қашып жүр.
“Сот отырысының кейінге қалдырылатыны туралы ақпарат еш жерде айтылмады. Сот кабинетінде әлі 14 ақпан деп тұр. Прокурордың өтініші бойынша кейінге қалдырса, адвокатқа ескертуі керек еді. Соттың хатшысы қоңырауларымызға жауап бермейді. Біреуі демалысқа шығып кетті дейді, біреуі денсаулығына байланысты жоқ, түсіндірмей қашып отыр”, – деді Жанель Шахан.
Жанельдің сотқа келу себебі – Темірланға қолдау білдіріп, оған бостандық талап ету. Сондай-ақ ол сот отырыстары ашық өтуі керек деп санайды.
Еске салайық, Qaznews24.kz парақшасының авторы, белсенді Темірлан Еңсебек 17 қаңтарда ұсталған еді. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру" бабы бойынша іс қозғалған.
Кейін полиция департаменті Темірлан Еңсебекті “ұлтаралық алауыздықты қоздыратын айқын белгілері бар материалды орналастырғаны” үшін ұстағанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының дерегінше, қазір Еңсебек Instagram-парақшасында жариялаған “Йоу, орыстар” әнінің авторы іздестіріліп жатқан көрінеді.