Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасында үздік үш қақпашының қатарына енді

үздік қақпашыФото:”Қайрат” фк

Қазақстан құрамасы мен алматылық "Қайрат" клубының негізгі қақпашысы Темірлан Анарбеков УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі қорытындысы бойынша үздік үш голкипердің қатарына кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

УЕФА деректеріне сүйенсек, 22 жастағы қақпашы сейвтер саны бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Ол алты матчта қарсыластардың 26 қауіпті соққысын тойтарған.

Бұл көрсеткіш бойынша Темірлан марсельдік "Олимпик" клубының қақпашысы Херонимо Рульимен тең түсті. Ал үздіктер тізімінің көшін Никита Хайкин бастаса, екінші орынға мадридтік "Реалдың" тәжірибелі қақпашысы Тибо Куртуа жайғасты.

Айта кетейік, Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде "Реал" мен "Спортингке" қарсы өткен матчтарға қатысқан жоқ. Аталған екі ойында алматылық клубтың жас қақпашысы Шерхан Қалмұрза алаңға шықты.

Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде "Селтикке" қарсы кездесуде үш пенальтиді қайтарып, "Қайратқа" тарихи жеңіс сыйлады. Нәтижесінде алматылық клуб Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды.

Бұл ойында Темірлан негізгі қақпашы Александар Заруцкийдің жарақатына байланысты алаңға шыққан. Осылайша ол өз мүмкіндігін сәтті пайдалана білді.

Сондай-ақ Чемпиондар лигасының алтыншы турындағы "Қайрат" пен "Олимпиакос" арасындағы матчта Темірлан Анарбеков тағы да ойынның басты қаһарманына айналды. Дәл осы тартыста ол Чемпиондар лигасының үздік ойыншысы (MVP) атанды. Бұл тарихта алғаш рет қазақ футболшысының Чемпиондар лигасында осындай атаққа ие болуы.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 30 Қаңтар, 2026 11:49