Темірлан Анарбеков: “Бала кезімнен Англия премьер-лигасында ойнағым келеді”
Фото: “Қайрат” фк
Алматылық "Қайрат" футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков алдағы мақсаты мен жоспарлары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Темірлан Чемпиондар лигасында үздік ойыншы атануы – тұтас команданың еңбегі екенін айтып, алдағы уақытта жеңіске жететініне сенім білдірді.
"Бұл – команданың еңбегі. Біз де қолдан келгенше жеңіс алып келгіміз келеді. Бұйырмай жатыр. Бұған дейін Пафос клубымен бірнеше рет кездестік. Алдағы уақытта ұтамыз деп ойлаймын. Қазақстанға Чемпиондар лигасының жеңісін алып келгіміз келеді. Қолдан келгенше тырысып жатырмыз", – деді ол.
Сонымен қатар, Темірлан бала кезінен Англия премьер-лигасында ойнауды армандайтынын жеткізді.
"Еуропаның кез келген клубында ойнағым келеді. Маған айырмашылығы жоқ. Бірақ бала кезімнен Англия премьер-лигасында ойнағым келді. Еуропада ойнау – кез келген қазақстандық ойыншының мақсаты. Кішкентай кезінен футболмен айналысқандар Қазақстанның туын көтеріп, халықаралық аренада ел намысын қорғағысы келеді. Менің арманым – әлемдегі үздік қақпашылармен бәсекелесу", – деді ол.
Темірлан Анарбековтің айтуынша әзірге шетелдік клубтардан ресми ұсыныс түспепті.
"Өзім де білмеймін және сұрамадым. Директорлар сөйлесіп жатыр. Егер нақты ұсыныс болса, айтады. Әзірге ондай ұсыныс келген жоқ. Қазір Алла қаласа, ойындарымды жақсы өткізсем, маусым аяқталған соң жаңа жобалармен Қазақстан футболының дамуына үлес қосамын деп ойлаймын", – деді Темірлан.
Айта кетейік, Темірлан Анарбеков "Қайраттың" Чемпиондар лигасына шығуына зор үлес қосқан қақапашы. Сонымен қатар, ол жалпы кезеңнің 6-турында Олимпиакосқа қарсы ойында үздік ойыншы атанды. Осылайша, ол ел тарихында Чемпиондар лигасында үздік атанған алғашқы қазақстандық футболшы болды.
"Аппақ дәлізбен жүріп өтіп, жындарды көрдім": Жүрегін ауыстырған қазақстандық клиникалық өлім мен тылсым құбылыс туралы айтты

