Темекіге қарсы белсенділер қорқорды заңдастыруға қарсы шықты

Қазақстанда темекіге қарсы белсенділер қорқорды заңдастыруға қарсылық білдіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюроға” сілтеме жасап хабарлайды.
Олардың айтуынша, Үкімет шиша-барлар мен кальянханаларда қорқор шегуге рұқсат беретін түзетулерді мақұлдаған болуы мүмкін. Атап айтқанда, Әкімшілік кодекс пен Денсаулық туралы кодекске енгізілетін өзгерістерге сәйкес, қорқорды арнайы шылым шегу орындарында және кейбір мекемелерде пайдалануға жол ашылуы ықтимал.
“Қазақстан темекі түтінінен азат ел үшін” коалициясының жетекшісі Жамиля Садықованың сөзінше, мұндай өзгерістер шылым шегу бөлмелерін іс жүзінде қорқор немесе шиша-барларға айналдыруы мүмкін. Оның пікірінше, егер мекеме белгілі бір төлем төлесе, ол қорқор ұсынылатын орын ретінде танылып, тексерістен де тыс қалуы ғажап емес.
“Кальян ұсынылатын және 500 АЕК көлемінде төлем жасалатын орындар кальянхана ретінде танылып, оларды тексеруге болмайды. Сонымен қатар Денсаулық туралы кодекске енгізілетін өзгерістерге сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі келіскен түзетулер бойынша, шылым шегу бөлмелерінде кальян шегуге рұқсат етіледі. Осылайша, заңнамада шылым шегу орындары іс жүзінде кальян немесе шиша-барларға айналуы мүмкін. Мұндай орындар кез келген мекемеде ашылуы ықтимал, егер олар белгіленген төлемді төлесе”, – деді ол.
Алматы мен Павлодарда заңсыз вейп сатқандардан 4 көлік пен элиталы үйдегі пәтер тәркіленді
Қазақстанда темекі бағасы көтерілді
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков кальян нарығы көлеңкеге кетіп қалғанын айтқан еді. Оның айтуынша, бүгінде кальян қоғамдық орындарда қолданылып жатыр, алайда құқықтық нақтылықтың болмауы салдарынан көбіне жеке тұлғалар ғана жауапқа тартылады. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де күшейтеді.
“Бір қарағанда рұқсат етілгендей, бірақ іс жүзінде тыйым салынғандай көрінеді. Мұндай жағдай құқықтық анықсыздық туғызып, қоғамда нақты көзқарастың қалыптасуына кедергі келтіреді. Қазір кальян қоғамдық орындарда қолданылып жатыр, алайда жауапкершілік көбіне жеке тұлғаларға жүктеледі, ал құрал-жабдық пен қоспаларды ұсынатын заңды тұлғалар жауапқа тартылмайды. Осы құқықтық олқылықтар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырады”, – дейді ол.
Ал мейрамхана бизнесі өкілдері кальян саласына лицензиялау тәртібін енгізуді ұсынады. HORECA Kazakhstan қауымдастығының өкілдері бұл бюджет түсімін арттырып, қолданылатын темекі өнімдерінің сапасын бақылауға мүмкіндік береді деп санайды. Сондай-ақ олар қазір кейбір қоспалардың күмәнді жағдайда дайындалатынын, ал құрылғылардың санитарлық өңдеуі талапқа сай жүргізілмейтінін алға тартты.
“Ал бұл саланы реттеудің артықшылықтары ретінде лицензиялау арқылы бюджет түсімін арттыру және темекі өнімдерін міндетті түрде сертификаттауды енгізу ұсынылады. Өйткені қазіргі таңда кейбір мекемелерде қолданылатын темекі өнімдері жертөле жағдайында дайындалады, құрамында глицерин мен түтін мөлшері көп болып, адам денсаулығына зиян келтіреді. Сонымен қатар, кальян құрылғылары санитарлық талаптарға сай өңделмейді, көбіне жай ғана сумен шайылады, ең жақсы жағдайда тұрмыстық жуғыш затпен тазаланады”, – дейді “HORECA Kazakhstan” мейрамхана және қонақүй бизнесі кәсіпорындарының ұлттық қауымдастығының президенті Игорь Копайлов.
Алайда антитемекі коалициясы мұндай жеңілдіктер кальянханаларда кез келген заттың, тіпті тыйым салынған қоспалардың да қолданылуына жол ашуы мүмкін деп есептейді. Осыған байланысты белсенділер жаңа түзетулерге қарсы екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда кальянға салынған шектеулерді жеңілдету талқыланып жатқаны хабарланған еді.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған