Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Темекі шегуге және соруға қатаң тыйым салынады": Астанадағы бизнес орталықтардың бірінің маңдайшасында қате кеткен

Елордадағы “Бизнес центр А” орталығының маңдайшасындағы қазақша "Темекі шегуге және соруға қатаң тыйым салынады" деген сөз қате жазылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Іnstagram.com/kozildirik

Қате маңдайшаны әлеуметтік желідегі парақшасында алғашқылардың бірі болып журналист Алмас Тоқтабаев жариялады. Редакция анықтай келе, оның Астанадағы Сығанақ пен Сауран көшелерінің қиылысындағы “Бизнес центр А” орталығында ілінгенін білді.

Орысшасында "Курить и сорить строго запрещено!" десе, ал қазақ тіліне "Темекі шегуге және соруға қатаң тыйым салынады!" деп қате аударған.

Себебі "сорить" сөзінің қазақша мағынасы – "қоқыс тастау", "ластау", "бүлдіру", "қоқсыту", "қиқымдау". Сонда қазақ тілінде, дұрысы, "Темекі шегуге және қоқыс тастауға қатаң тыйым салынады!" болады.

Ал қате аударылған "соруға" сөзін мынадай жағдайда қолдануға болады. 

Сору – "сор" етістігінің қимыл атауы, яғни сұйықтықты ішке тарту. Көркем шығармаларда “Балаға емшек бергеннен бастап, емшекті дұрыс "соруды" үйрету керек (Ж.Қодаров, Жас ана.)” деп мысал келтірілген.

Stan.kz тілшісі бизнес орталығының басшылығына хабарласып, мән-жайды сұрап білді.

“Иә, бұл біздің орталықтың кіреберісінде ілінген. Маңдайша 1 апта бұрын қойылған. Қатені тезірек түзетіп жатырмыз. Қазір әкімшілікке айттым. Орнына дұрыс нұсқасын қоямыз”, – деп жауап берді орталық басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы “Москва” сауда орталығының Led экранындағы жарнамада “йе” деп қате жазылып кеткені туралы жаздық. Сауда кешеніндегі жарнама бөлімінің басшысы Ербол мырза қате жарнамаға қатысты пікір білдіріп, бірнеше уақыт өткеннен кейін ол жарнаманың түзелетінін айтты. Әкімшілік өкілі сөз бергендей, қате жарнаманы келесі күні түзеткен.

Талқылау