Тележүргізуші Асхат Садырбай: Телеарнаның еденін жуған кездерім болған
Тележүргізуші Асхат Садырбай өзіне айтылар сын-пікірлер жайлы, қоғамдық пікір жайлы ойын айтты.
“Қоғамдық пікір әркезде әртүрлі. Мен де оған әркезде әртүрлі қараймын. Өзімді өзім біршама білетіндіктен, жанымда тек мақтап жүретін емес, сынап та мінеп те қарайтын жандар болғандықтан оған көп мән беріп бас ауырта бермеймін. Кейде кейбіреулерге жауап бергім кеп кететіні болмаса. Бір жерде біреу “ой, кезінде ШТВ-ның (облыстық Қазақстан-Шымкент телеарнасы) полын жуып жүрген еді ғой” деп жазыпты. Жауап берейін. Мен телеарнаға 2004 жылы 1-курстың екінші жартысында тілші және тележүргізуші боп келдім. Кейіннен штаттағы редактор, аға редактор, сценарист, жүргізуші, продюсер болдым. Телеарнаға ешқашан еден жуушы боп жұмысқа тұрмасам да, қажет жағдайда қолыма шүберек алып сүртіп кеткен кездерім болған. Қазір де администраторлар шай ішіп, әңгіме айтып отырғанда жүгіріп барып жуа береміз. Студенттер менен “продюсер не істейді?” деп сұрағанда, продюсер кейде еден де жуады деп әзілдеймін. Оны мен намыс көрмеймін. Бір сөзбен айтқанда бір кездері ШТВ-ның отымен кіріп, күлімен шыққаным өтірік емес. Мені ол сөз ешқандай да ренжіткен жоқ. Мені әлгі адамның дүниетанымы өкпелетті. Еңбектің жаманы жоқ, ең бастысы таза болса болды. Еден жуа ма, әкім бола ма еңбегін адал атқарса, сол емес пе бізге керегі?”, – деп жазады Асхат Садырбай желідегі парақшасында.
Тележүргізуші өзіне айтылған сыннан бөлек айналасындағы өзі ісіне жауапсыз қарайтындар жайлы ойын жеткізді.
“Дүкендерге барғанда сатушыларға, дәмxаналарға барғанда даяшыларға қарап қатты қынжылам. Мен де студент кезде даяшы болып тиын тапқандықтан, сосын ұжыммен жұмыс істегендіктен бәрін байқап отырамын. Егер даяшы өз қызметін атқара алмаса, оған жанын беріп істемесе, жүгірмесе, ұялмаса, одан басқа салада жақсы қызметкер шығады дегенге күмәнім бар. Егер етік сатушы сізді риза ғып жіберсе, демек болашақта одан мықты кәсіпкер, мықты тұлға шығады. Менің оған талай рет көзім жеткен. Сондықтан да мен адамдарды дәрежесіне қарап емес, еңбегіне, қызметіне деген құлшынысы мен адалдығына қарап бағалаймын”, – дейді ол.
Жіберіп алмаңыз:
Асхат Садырбай «Қазақстан аруы» байқауына қарсы шықты
Асхат Садырбай: Қыдырәлі ағаның бұлай айтуы мүмкін емес
Асхат Садырбай қазақ қызын тоқалдыққа алғысы келген түрік әншісін сынап тастады