"Тек орыс тілінде қызмет көрсетеміз": Павлодар дүкенінде арандатушылық тудырған әйелге сот үкімі шықты
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Сотта анықталғандай, 2025 жылғы 16 қаңтарда азаматша Н Павлодар қаласы Лермонтов көшесіндегі дүкеннің кіреберіс есігі мен сөресіне "Тек орыс тілінде қызмет көрсетеміз" деген мазмұндағы хабарламаны жапсырған. Осылайша, ол қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн әрекеттер жасаған.
Қазақстан орыс тілін насихаттауға жылына 43 миллион теңге жұмсамақ
"Н өз кінәсін толық мойындап, өкінді. Ол өз әрекетін оның "Маған "бір фарш" беріңізші" деген өтінішіне сатушының орысша сөйлеуін өтінуімен түсіндірді, бұл оның осы әрекеттерге баруына түрткі болған. Н-ның кінәсі оның түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, бейнежазбамен, сондай-ақ басқа да іс материалдарымен анықталды”, – делінген хабарламада.
Сот павлодарлық азаматшаны кінәлі деп тауып, 55 048 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда жанжал шыққан. Әлеуметтік желіде әйелдің өзінен орысша сұрауын талап еткен дүкен сөресіне "Тек орыс тілінде қызмет көрсетеміз" деген жазу ілгені туралы ақпарат тараған еді.