"Тегін лагерьге жіберу үшін ақша сұраған": Маңғыстау облысында ата-аналар білім бөлімінің қызметкеріне алданғанын айтып, шағымданды
Маңғыстау облысында ата-аналар білім бөлімінің қызметкері алдап кеткенін айтып, шағымданды. Сөздерінше, жас маман оқушыларды лагерьге апарамын деп аудан халқынан қаражат жинап, ұшты-күйлі жоғалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Білім бөлімінің қызметкеріне алдандық деген тұрғындар ақшамызды қайтарып берсін дейді.
Эльмира Әнетова баласын лагерьге жіберемін деп қаражатынан айырылғандардың бірі. Тамыз айынан бастап ұлының құжатын дайындап, әдістемелік орталықтың маманына 40 мың теңге аударыпты. Аудандағы білім бөлімінің қызметкері оқушылар Алматыға 20 күнге демалысқа барады деп уәде берген. Дегенмен сол уақыттан бері төрт ай өтіпті.
“Тездетіңіз, тездетіңіз деп кешке дейін жанықтырды мені. Бүгіннен қалдырмаңыз деген соң көршілерімнен қарыз алдым. Әне кетеді, міне кетеді деп жалған уәде беріп келе жатыр. Бір жолы мектепте кішкене ақаулар шығып жатыр, деді. Тағы бір жолы, атам қайтты, деді. Соның шаруаларымен жүрмін. Сіздерді тіркей алмай қалдым, айып етпеңіздер, келесіде міндетті түрле сіздерді тіркеймін, деді”, – дейді Ақшұқыр ауылының тұрғыны Эльмира Әнетова.
Эльмира қалтасындағы қаржысын санап берген жалғыз адам емес. Одан бөлек ауданның 10 мектебінің оқушылары да осы лагерьге бармақ болған. Бірақ соңында ата-аналар алданғанын түсініпті.
“Былықтың артында тұрған ақшаны жинатқан білім бөлімі, басқарма деп, бәрі бір-біріне сілтеп отыр. Бізге шындық керек. Балалардың ұйқысын бұздық. Қаншама ата-ана кішкентай, жап-жас қызға алданып отырмыз”, – дейді Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Айнұр Құрманова.
Аудандық білім бөлімінің басшысы қарамағындағы қызметкерінің әрекетінен бейхабар болдық деп ақталды. Шенеунік жас маман алаяқтық жолмен ақша жинаған деп отыр. Себебі, лагерьге квота тегін беріледі екен.
“Жалпы облыс бойынша берілетін квота бар. Бұл сол квотадан асып, ешкімге білдіртпей, өзі ата-аналармен астыртын чат құрып, алаяқтықпен ақша жинап, жымқырған. Бірақ ешқандай баланы лагерьге жібермеген. Енді біз құзырлы органдарға шағымданып, солар айналысады”, – дейді Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаева.
Қазір шығын көлемі есептеліп, қаражатты қайтару бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал, талай адамды сан соқтырған қызметкер уақытша жұмысынан шеттетілген. Білім бөлімінің мәліметінше, ол Түпқараған ауданындағы 10 мектептің ата-аналарынан ақша жинаған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы мектептің ата-аналары мұғалімнің жұмыстан кеткеніне наразылығын білдіргені туралы жазған едік.