Тегеран халқы су тапшылығына байланысты эвакуцияланбақ

Фото: Anadolu/Амир-Кабир су қоймасы
Ирандағы қуаңшылық ел астанасындағы су тапшылығына себеп болды. Жергілікті билік жауын-шашын болмаса, халықты эвакуациялауы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тегеран қаласының солтүстік- батысында орналасқан Амир-Кабир су қоймасы босауға аз қалды.
“Егер қараша айының соңына дейін Тегеранда жаңбыр жаумаса, біз суға шектеу енгізуге мәжбүр боламыз. Ал кейін де жаңбыр болмаса, Тегеранды эвакуациялауға тура келеді”, – деді Иран президенті Масуд Пезешкиан 7 қараша күні.
Қаладағы ауыз судың негізгі көзі — Амир-Кабир су қоймасы. Онда қазір небәрі 14 миллион текше метр су бар. Бұл оның толық сыйымдылығының 8%-ы ғана. Бұл тек екі аптаға жетеді.
Тегеранда 10 миллионнан астам адам тұрады, олар күн сайын шамамен 3 миллион текше метр су пайдаланады. Кейбір аудандарда су беру уақытша тоқтатылған. Ақаулар жаз мезгілінде де байқалған.
Таяу Шығыс және ғаламдық тәртіпті зерттеу орталығының (CMEG) “Iran and Regional (In-)Stability & Security Briefing” (IRIS) аналитикалық баяндамасына сәйкес, су ресурстары дағдарысы тек су қоймаларын ғана емес, сондай-ақ сарқылған жер асты су қабаттарын және бүліне бастаған Иранның су-батпақ алқаптарын да қамтиды.
Ел билігі әзірге су жабдықтау инфрақұрылымын дамыту бойынша маңызды шаралар қабылдаған жоқ. Сарапшылар жағдайдың одан әрі нашарлайтынын ескертеді және бұл саяси салдарға әкелуі мүмкін деп болжайды. Себебі экологиялық дағдарыстар бұған дейін билікке қарсы наразылықтардың себебі болған.
Қазақстанға ЛГБТ насихатына тыйым қажет пе? Депутаттар мен белсенділердің пікірін тыңдадық