Тәжікстанда таяқ жеп, талақ болған әйелдер паналайтын үй ашылды
Тәжікстанның оңтүстігіндегі Қорғантөбеде отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдерге пана болатын үй ашылды. Ол отбасынан теперіш көрген келіншектерге тығырықтан шығар жол табуға көмектесу үшін ашылған.
Бұл туралы Open Asia хабарлайды.
Ресми түрде ол үй Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталығы деп аталады. Сәуір айының басында ашылған үйдің алғашқы тұрғындары да бар.
Алғашқы болып келгендердің бірі – қолында кішкентай баласы бар келіншекті күйеуі күнде сабап, бір күні үйден қуып жіберген. Төркініне бармақ болған екен, бірақ ата-анасы күйеуден қайтып келген қыз бетімізге шіркеу деп жолатпай қойыпты.
Тәжікстанда мұндай жағдайлар мыңдап саналады, әсіресе шеткері аймақтарда көп. Тіпті, әйелдер шын мәнінде тұйық шеңберде қалғандай: отбасы кішкентай күнінен қыз баланы тек тұрмысқа шығуға, үй ұстауға үйретіп тәрбиелейді, білім алуына тиым салады, достарымен араластырмайды, барынша ерте ұзатып жіберуге тырысады; жаңа отбасына барған соң жас келіншек қаржы жағынан тұтастай еріне тәуелді болады да, ажырасқан жағдайда көк тиынсыз далада қалады. Одан бөлек, байғұс әйел жұрттың өсегіне де қалады. Жақсы болса күйеуі қуып жібермес еді дейді жұрт.
Көп жыл бұрын Абру өз ықтиярынсыз ұзатылған. Жас келіншек күн сайын тірлігін тыңғылықты атқарып жүргенімен, атасы мен енесі – бес уақыт намазын қаза қылмайтын тақуа діндар адамдар – келініне күн көрсетпей қойды. Көп ұзамай ол төрт баланың анасы болды. Күйеуі Ресейге жұмысқа кеткенде, әйелдің де, еркектің де жұмысы Абрудың мойнына түсті. Алайда, ата-енесі келінін жақтырмаған күйі, баласына жамандап, үйден қудырып тынды. Абру балаларын алып төркініне барды, алайда онда да көрген күні күн болмады: туыстары қызын қорлап, жиендерін жәбірлеп, тағы да үйден қуып жіберді. Абру төрт баласымен, қорғансыз, панасыз, далада қалды.
Осы үйді ашқан Қорғантөбедегі «Гамхори» қоғамдық ұйымы мұндай жағдайлармен 16 жылдан бері жқмыс істеп келеді. Мұнда отбасында зорлық-зомбылық көргендерге психолог және заңгер көмегі көрсетіледі. Ал орталық ашылғалы бері талақ болған әйелдердің басына пана да бере бастады. Аз уақытқа болса да.
“Біздің орталықта әйелдер 14 күн тұра алады. Әрине, екі аптадан кейін оларды қуып жібереміз деген сөз емес. Мысалы, қазір мұндай бір әйел бар, келгеніне он үш күн болды, алайда, мәселесі әлі шешілген жоқ, демек, біз әлі де жұмыс істей береміз, ол осында тұра береді, – деп түсіндірді «Гамхори» директоры Мавджуда Шарипова.
Қоғамдық ұйым өкілдерінен бөлек, әйелдерді құтқару ісіне Тәжікстан үкіметі жанындағы Әйелдер және отбасы істері жөніндегі комитет өклдігі, милиция мен дәрігерлер де атсалысып отыр. Елде 2013 жылдан бері “Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу” туралы заң бар, соған сәйкес, қоғамдық ұйымдар жұмысына жергілікті бидік органдары да көмектеседі.
Холида кәмелетке толмаған бүлдіршін кезінде ұзатылды. Көп өтпей аяғы ауырлап, әлі жетілмеген ағзаға жүктілік ауыр тиді. Алайда, ата-енесі оған мән берместен, жас келінді ауыр жұмысқа салды. Бір күні әбден әлсіреген келіншек сиырын уақытында сауып үлгермегені үшін күйеуі мен енесінен таяқ жеді. Холида ауруханаға түсті, түсік тастады, біраздан кейін енді балалы бола алмайтынын білді. Жаны күйген жас келіншек бірнеше рет өз-өзіне қол салып, талайсыз тіршіліктің азабынан құтылмақ та болды.
Мавджуда Шарипованың айтуынша, осындай баспана ашуды көптен ойлап жүрген екен, алайда, билік тарапынан да, қоғам тарапынан да көптеген кедергілерге кезігеді. Әсіресе ауылдық жерлерде қарсылық күшті болған. Қазір мұндай орталық Соғды облысында да бар.
“Бізде былай ғой: әйел үйде қонбаса – масқара болады. Оны үйінен күйеуі қуып жібергенімен ешкімнің шаруасы жоқ, өзінің ата-анасы да, туыс, көршілері де өсектеп гулей жөнеледі. Байғұсты сөзбен жеп қояды. Сондықтан да осындай орталық ашу идеясын он жылдан бері алып келеміз, сонда да, әлі жұрттың сеніміне ие бола алмадық, осындай орталық керек екенін дәлелдей алмай келеміз, – дейді М. Шарипова.
Мұндай үйдің керек екенін нақты мысалдармен де дәлелдеп баққан: 2005 жылы «Гамхори» ұйымына бір әйел күнде келетін. Ол күні бойы осында отырып, кеш бата қорқа-қорқа үйіне қайтатын. Тағы бір әйелді қырқынан шықпаған баласымен бірге күйеуі үйінен қуып жіберген екен, барар жері қалмапты. «Гамхори» қызметкерлері оны өз үйіне тұрғызған, алайда, бәрін қайда сыйғызасың?
“Әйелдің өз өміріне, балаларының өміріне қауіп төніп тұрғанда, туыстары теріс айналып, айдалада жалғыз қалғанда ол не істеп не қойғанын білмейді. Оған сәл де болса, уақытша болса да тыныштық керек”, – деп түсіндірді М. Шарипова.
Отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер баспанасы – Қорғантөбенің бір ауданындағы қарапайым жер үй. Көбінесе еркектер әйелдерін балаларымен бірге қуады, сондықтан бұл үй үш отбасы сыятын етіп салынған. Бөлмелерде өмір сүруге қажет дүниенің бәрі бар, паналап келгендерге үш уақыт тамақ беріледі. Ол жерде психологтар, заңгерлер де жұмыс істейді.
Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, Тәжікстандағы әйелдердің 85% өмірінде бір рет болса да отбасында зорлық-зомбылық көрген.