Таяу Шығыстағы шиеленіс: 4700-ден астам қазақстандық елге эвакуацияланды

Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы шиеленіс аймақтарынан азаматтарды елге қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазірге дейін 4700-ден астам қазақстандық эвакуацияланып, олардың бір бөлігі әуе рейстері арқылы, енді бірі жерүсті жолдарымен елге жеткізілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстағы шиеленіс аймақтарынан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Министрлік мәліметінше, эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының көмегімен 4700-ден астам қазақстандық елге оралған.
Азаматтарды елге қайтару тек әуе рейстері арқылы ғана емес, жерүсті бағыттары арқылы да жүзеге асырылып жатыр. 6 наурызда Қазақстанның шетелдегі мекемелері "Заркух" компаниясының жеті қызметкері – Қазақстан азаматтарының Иран-Армения шекарасы арқылы шығуын ұйымдастырған.
Алдын ала ақпарат бойынша, компания осы бағытпен тағы 16 қазақстандықты эвакуациялауды жоспарлап отыр. Қазірге дейін Ираннан 66 Қазақстан азаматы елге қайтарылған.
Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуация жұмыстарын үйлестіріп, отандастармен тұрақты байланыс ұстап отыр.
- Иран президенті көрші мемлекеттерге жасаған шабуылдар үшін кешірім сұрады
- Әзірбайжан Ираннан өз елшілігін эвакуациялап жатыр
Еске салайық, бұған дейін сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты қазақстандықтарға бірқатар елдерге барудан бас тартуды ұсынған еді. Сондай-ақ өңірде жүрген азаматтарды қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жергілікті билік нұсқауларын орындауға шақырды.
"8 наурызды тойламаймын": Қазақстандық әйелдер атаулы мерекеден не үшін бас тартқандарын айтты