Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үшінші дүниежүзілік соғыс болған жағдайда ең қауіпсіз елдер белгілі болды

Үшінші дүниежүізілік соғыс басталған жағдайда ең қауіпсіз елдерФото: Freepik.com

Таяу Шығыстағы қақтығыс аясында Үшінші дүниежүзілік соғысқа қатысты алаңдаушылық бұрын-соңды мұншалықты күшейген емес. Сондықтан шынымен де соғыс басталса, өз қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болатыны көпшілікті ойландыратыны анық. Ladbible.com Үшінші дүниежүзілік соғыс басталған жағдайда пана болатын, Еуропадағы қауіпсіздеу деп қарастырылатын бірнеше елді келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Геосаяси шиеленіс біраз уақыттан бері жалғасып келеді. Әсіресе Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін бұл мәселе тіпті ушыға түсті. Ал АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соңғы соққылары жағдайды одан әрі күрделендіріп, өте қауіпті деңгейге жеткізуі мүмкін.

Дональд Трамп пен Биньямин Нетаньяху Таяу Шығыстағы қақтығысты Иранды ықтимал ядролық қарудан айыру мақсатымен байланыстырады. Алайда бұл текетірес қазірдің өзінде Ливан, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері секілді көрші елдерге де әсер ете бастады.

Ұлыбритания бұл қақтығыстың тезірек тоқтағанын қалайтынын ашық білдіргенімен, Кир Стармер “қорғаныс сипатындағы операция” жүріп жатқанын растады. Сонымен қатар ол АҚШ-қа ұлыбританиялық әскери базаларды пайдалануға рұқсат берді. Бұл болашақта Ұлыбританияның да қақтығысқа тартылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Швейцария

Швейцария – әлемдегі ең танымал бейтарап елдердің бірі. Бұл мемлекет 200 жылдан астам уақыт бойы ешбір жаһандық қақтығысқа араласқан емес.

Сондықтан елдің ықтимал Үшінші дүниежүзілік соғысқа тартылу мүмкіндігі өте төмен. Оның үстіне табиғаты да көркем. Дегенмен елдің бейтарап ұстанымы бұрын сынға да ұшыраған. Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистерге пана берді деген айыптаулар болған.

Қалай болғанда да, оның бейтараптық мәртебесі – үлкен артықшылық.

Ирландия

Бұл – ең қолайлы бағыттардың бірі. 

Ирландияда шетелдіктерге көзқарас аса жылы болмауы мүмкін, өйткені бұл ел Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысудан ұзақ жылға созылған Ұлыбританияның үстемдігінен кейін бас тартқан. Соған қарамастан, Ирландия НАТО мүшесі болмағандықтан, оны қауіпсіздеу нұсқа деуге болады. Оның үстіне, жергілікті акценті де ерекше.

Аустрия

Табиғаты әсем әрі туристер көп баратын тағы бір ел – Аустрия. Тарихи тұрғыда бұл елдің де бейтарап ұстанымы бар, сондықтан ықтимал Үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайында негізгі нысанаға айналу ықтималдығы төмен.

Аустрия НАТО мүшесі емес, бұл оның салыстырмалы түрде қауіпсіз болуына әсер етуі мүмкін. Алайда ол Украинамен шектеседі, сондықтан жоғарыда аталған елдерге қарағанда қауіпсіздігі сәл төмендеуі мүмкін.

Дания

Дональд Трамп Гренландия мәселесіне байланысты Данияны аса қолдай қоймауы мүмкін. Алайда дәл осы аумаққа иелік ету соғыс басталған жағдайда стратегиялық тұрғыдан өте маңызды болмақ.

Дания көлемі жағынан шағын ел болғанымен, географиялық орны мен мықты әскери әлеуетінің арқасында соғыс кезінде қауіпсіздеу нұсқалардың бірі саналады.

Португалия

Португалияның Еуропаның шеткері батысында орналасуы оны қауіпсіздеу елдердің қатарына қосады. Себебі оған жету үшін ықтимал қарсылас күштерге Еуропаның басым бөлігін кесіп өтуге тура келеді.

Португалия – НАТО-ны құрған елдердің бірі. Бұл оның қақтығысқа тартылу ықтималдығын арттыруы мүмкін. Соған қарамастан, оның тұрғындары соғыстың тікелей зардабын азырақ сезінеді.

Ядролық жарылыстан кейінгі радиоактивті қалдықтардың қаупін ескерсек, егер Үшінші дүниежүзілік соғыс жақын арада басталса, шын мәнінде ешкім толық қауіпсіздікте болмайтынын да айту керек.

Неге АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасап жатыр?

28 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп елдің бірнеше қаласында жарылыс дауысы естілгеннен кейін АҚШ пен Израиль Иран аумағында “ауқымды әскери операция” бастағанын мәлімдеді. Кейінгі апталарда аймақта америкалық әскери күштер едәуір көбейгеннен кейін, Трамп Truth Social желісінде жарияланған видеомәлімдемесінде: “Біз олардың зымырандарын жойып, зымыран өндірісін жермен-жексен етеміз”, – деді.

Азаматтық тұрғындар арасындағы жүздеген құрбаннан бөлек, оның ішінде Минабтағы мектепке жасалған болжамды шабуылдан кемінде 165 адамның, басым бөлігі балалардың қаза тапқаны айтылады. Сондай-ақ Тегеран маңындағы израильдік зымыран соққылары салдарынан Иранның жоғарғы көсемі аятолла Али Хаменеидің қаза тапқаны да расталды.

Трамптың айтуынша, осы демалыс күндері жасалған шабуылдардың мақсаты – “Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу”.

Бұл Трамптың Иран жаңа ядролық келісімге келіспесе, оған қарсы әскери шара қолданылуы мүмкін екенін бірнеше апта бойы айтып келгенінен кейін болды. Алайда Иран өз ядролық бағдарламасының “тек бейбіт мақсатқа” бағытталғанын бірнеше рет мәлімдеген.

Таяу Шығыстың қай аймақтары зардап шекті

АҚШ пен Израильдің соққыларына жауап ретінде Иран Израильге және Парсы шығанағындағы бірқатар араб елдеріне, соның ішінде Катарға, БАӘ-ге, Бахрейн мен Кувейтке соққы жасады.

BBC мәліметінше, Израильдің Бейт-Шемеш қаласына жасалған шабуылдан кемінде тоғыз адам қаза тапқан. Демалыс күндері әскери және азаматтық нысандарға, оның ішінде Бахрейндегі америкалық әскери-теңіз базасына және БАӘ-дегі Дубай халықаралық әуежайына да соққы болған.

Әлеуметтік желілерде туристер мен жергілікті тұрғындар түсірген біршама видео тарады. Онда зымыран және дрон шабуылдарынан келген шығын көрсетілген. Олардың арасында қазақстандықтар да болды. 

Сонымен қатар Иран қолдайтын ливандық “Хезболла” тобы Израильдің Хайфа қаласына зымыран атқаннан кейін, Израиль де жауап соққыларын жасады. 3 наурызда Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац Израиль әскерінің “Израильмен шекаралас елдімекендерге жасалатын шабуылдардың алдын алу үшін Ливандағы қосымша стратегиялық аймақтарды ілгерілеп барып бақылауға алатынын” мәлімдеді.

Ұлыбритания Иранмен соғыса ма?

Ирандағы ірі әскери операция басталғалы бері бұл сұрақ жиі қойылып жүр. Себебі Ұлыбритания – әрі АҚШ-тың, әрі Израильдің одақтасы.

Премьер-министр Кир Стармер ұлыбританиялық ұшақтардың “халықты, ұлттық мүддені және одақтастарды қорғау” мақсатындағы қорғаныс операциясы аясында Таяу Шығыс әуе кеңістігінде болғанын растады. Ол сондай-ақ Иранның аймақтағы “серіктестерге” жасаған жауап шабуылдарын айыптады.

1 наурызда премьер-министр АҚШ-тың ұлыбританиялық әскери базалардан Иранға соққы жасау туралы өтінішіне де келіскен. Ұлыбритания бұл соққыларға тікелей қатыспағанымен, Стармер Франция және Германия басшыларымен бірлескен мәлімдеме жасап, Иранды “ретсіз әскери шабуылдардан бас тартуға” шақырды.

“Иран мұны дәл қазір тоқтата алады. Олар бұдан әрі шабуыл жасамауы керек, қару-жарақ бағдарламасынан бас тартуы және өз болашағын өзі айқындауға лайық иран халқына қарсы үрейлі зорлық-зомбылық пен қысымды доғаруға тиіс”, – деді Стармер. 

Алайда Ұлыбританияның сыртқы істер, Достастық және даму істері жөніндегі мемлекеттік хатшысы Иветт Купер бұл елді Таяу Шығыстағы Ирак соғысына ұқсас тағы бір қақтығысқа тартып жатыр деген пікірдің “шындыққа мүлде жанаспайтынын” айтты.

Кипрдегі әскери-әуе күштері базасына Иран қолдайтын “Хезболла” жасаған дрон шабуылы туралы хабарларға пікір білдірген Купер Sky News-ке берген сұхбатында: “Өткен демалыс күндері болған соққыларға қолдау көрсетпеу туралы біз өте нақты шешім қабылдадық. Біз дипломатиялық үдеріс, келіссөздер жолы қажет екенін ашық айттық”, – деді.

Ал Трамп сейсенбі күні Стармерді сынап, оның Иран төңірегіндегі жағдайда “ешқандай көмек көрсетпегенін” айтты.

“Бұрынғыдай қарым-қатынас қалмағанын көру өте өкінішті”, – деп қосты ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 05 Наурыз, 2026 14:35