Таяу Шығыстағы қақтығыс теңге мен мұнай бағасына қалай әсер етеді: Жұманғарин жауап берді

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстанның теңгесі мен мұнайына қалай әсер ететінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жұманғаринның айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстанның логистикасына айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін. Алайда мұнай бағасының құбылуы ұлттық валютаның бағамына ықпал етуі ықтимал.
“Ресей мен Украина арасындағы ұзаққа созылған қақтығысқа байланысты Қазақстанның негізгі логистикалық бағыттары геосаяси тәуекелдерге бейімделіп үлгерген. Ал Парсы шығанағына келер болсақ, бұл бағыттағы логистика біз үшін негізгі бағыт болған емес. Біз Парсы шығанағындағы порттарды өте сирек пайдаландық. Жүк жөнелтілімдері болған, бірақ олар шешуші рөл атқаратындай деңгейде емес”, – деді Жұманғарин.
Вице-премьердің айтуынша, бұл өңір арқылы жүк тасымалдау қиын, өйткені инфрақұрылым толық дамымаған және жүк бірнеше елдің аумағы арқылы транзитпен өтеді.
Серік Жұманғарин Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы экономикаға мұнай бағасы арқылы әсер етуі мүмкін екенін растады.
“Мұнай бағасының құбылуы, әрине, валюта бағамына әсер етеді. Сондықтан бағамның тұрақсыздығы жақсы емес. Бұл мәселені Ұлттық банкпен бірге қарастырып жатырмыз”, – деді ол.
Вице-премьердің айтуынша, экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін елге валюта бағамының тұрақты болғаны маңызды.
“Мәселе теңгенің нығаюында емес. Мәселе, құбылмалықта. Құбылмалық әрдайым алаңдаушылық тудырады, ал бізге тұрақтылық қажет”, – деді ол.
Жағдайдың мән-жайы
2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.
Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.
Қазақстанда көпбалалы әйелдерге 8 наурызға орай 43 мың теңгеге дейін біржолғы төлем беріледі