Таяу Шығыстағы қақтығыс: Ираннан 109 отандасымыз эвакуацияланды
Фото: сыртқы істер министрлігі
Сыртқы істер министрлігі Ираннан 109 отандасымыз эвакуацияланғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Таяу Шығыстағы жағдай қарқынды шиеленіскенде Қазақстан өз азаматтарын Иран Ислам Республикасының аумағынан эвакуациялауды жедел ұйымдастырды. Үйлесімді жұмыс пен ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінің арқасында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, құзыретті мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері 109 отандасымызды елге қайтарды", – делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, эвакуация достас мемлекеттер аумақтары арқылы транзитпен іске асырылған. Атап айтқанда, 89 адам Ираннан Түрікменстан арқылы және 20 адам Әзірбайжан арқылы өтті.
Фото: сыртқы істер министрлігі
"Барлық азаматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетілді және Отанға оралу үшін қажет жағдай жасалды", – дейді сыртқы істер министрлігі өкілдері.
Сыртқы істер министрлігі Иран, Түрікменстан және Әзірбайжан билігіне қазақстандықтардың бүкіл бағыты бойынша қауіпсіз және уақытылы өтуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған көмек пен нәтижелі өзара іс-қимыл көрсеткені үшін ризашылығын білдіреді.
"Эвакуациялық іс-шараларды дайындау және өткізу барысында қазақстандық дипломаттар тәулік бойы жергілікті билікпен іс-қимылды үйлестіріп, маршруттардың логистикасын қамтамасыз етті. Сондай-ақ құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасады және отандастарымызға қажет қолдауды көрсетті. Қысқа мерзімде 200-ден астам азаматымыз хабарласып, оларға көмек көрсетілді. Ирандағы барлық қазақстандықпен үздіксіз байланыс орнатылып, олардың алдын ала келісілген транзиттік бағыттары бойынша жүріп-тұруы ұйымдастырылды", – делінген хабарламада.
Министрлік өкілдері отандастарымызды елге қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатқанын және басқа құзыретті ведомстволармен бірлесіп Қазақстан азаматтарын Израиль мемлекетінен эвакуациялау мәселесі пысықталып жатқанын мәлімдеді.

Қазақстандық қыз күйеу жігітінен қалыңмал алып, артынша полицейге тұрмысқа шығып кеткен
