Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар электрсамокат бизнесіне ақша саламын деп 200 миллион теңгеден қағылды

Фото: Видеодан скриншот

Ақтөбе қаласында “Harmony Rider Technology” (HRT) қаржы пирамидасын ұйымдастыру және басқару, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мәліметінше, 2024 жылы бір топ адам өзін шетелде электрсамокаттарды сатып алып, жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде таныстырып, қаржы пирамидасын құрған. Шын мәнінде, салымшыларға төленетін табыс жаңа қатысушылардан алынатын қаражат есебінен қалыптасқан.

Азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама жүргізіліп, офлайн кездесулер ұйымдастырылған. Сонымен қатар заңдылық көрінісін қалыптастыру үшін Ақтөбе қаласында кеңсе жалға алынып, таныстырылымдар өткізілген.

Салым сомасы 350-ден 20 000 долларға дейін болып, тәулігіне 12-ден 690 долларға дейін табыс уәде етілген.

Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында күдіктілер қаражатты криптоәмияндар арқылы айналымға шығарып, кейін айырбастап, банк шоттарына аударып отырған.

Жалпы, қаржы пирамидасына 115 салымшыдан 197 миллион теңгеден астам қаражат тартылған. Бұл ақшаға ұйымдастырушылар үш автокөлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген.


Астанада "Sirius Energy" қаржы пирамидасы әшкереленді: 380 адам зардап шеккен

Partners & Consultants арқылы өмірін сақтандырғысы келген қазақстандықтар 620 миллион теңгесінен айырылды


Сот үкімімен ұйымдастырушылар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар үш автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 03 Сәуір, 2026 10:11