Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәуелсіздік – біздің ең қымбат құндылығымыз": Астаналық белгілі тұлғалар мерекенің маңызы туралы айтты

Астана

Фото: ru.wikivoyage.org

Қазақтың сан ғасырлық табанды күресімен келген тәуелсіздік – ұлы мереке, ата-бабаларымыздың намысы мен күш-қайратының көрінісі. Тәуелсіздік халқымыздың күрестен қорықпайтын қайсар мінезін паш етеді. Белгілі қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалардың сөздері соған дәлел. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы тәуелсіздіктің бағасын ештеңемен өлшеуге болмайтынын айтады. Бұл – ең қымбат, ең құнды мереке.

"Себебі біздің ата-бабамыздың сан ғасыр аңсаған, армандаған, қол жеткізе алмаған құндылығы біздің басымызға қонды. Енді оны бағалай алмасақ бізге сын. Осы жолда қаншама батыр, хан, данышпан бабаларымыз қан төкті. Қарап отырсаңыз, анау 17-18-ғасырлардағы, оның алдыңғы кезеңді, кеңес үкіметі тұсындағы қиыншылықтарды ойлайық. Тәуелсіздік жолында қаншама аталарымыз басын бәйгеге тігіп, құрбан болды. Тәуелсіздік – олардың қанымен, көз жасымен келген ұлы арман. Сондықтан оның бағасын білуіміз керек. Бүгін оны бағалай алмасақ, ата-бабаларымыздың аруағы, арманы алдында ешқашан кешірілмейтін күнаға душар боламыз", – дейді Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы.

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, Қазақстанның тәуелсіздігі – тарихи кездейсоқтық емес, ол халқымыздың сан ғасырлық күресінің, ұлттық рух пен мемлекеттілікке деген ұмтылысының заңды нәтижесі.

"Бұл – біздің ең қымбат құндылығымыз, ең үлкен жауапкершілігіміз. Тәуелсіздік бізге ең алдымен тағдырға ие болу құқығын берді. Өз жерімізде өз заңымыз үстем болып, ұлттық мүдде мемлекеттік саясаттың өзегіне айналды. Конституциялық тәртіптің орнығуы, шекараның бекітілуі, мемлекеттік институттардың қалыптасуы – мұның барлығы тәуелсіздіктің нақты жемісі”, – дейді ол.

Оның сөзінше, сонымен қатар тәуелсіздік экономикалық дербестікке жол ашты. Қазақстан өз ресурстарын өз халқына қызмет ететін стратегиялық активке айналдырып, әлемдік экономикаға тең құқықты серіктес ретінде кірді. Бұл жолда қиындықтар да болды, бірақ біз тұрақтылық пен сабақтастықты сақтай отырып, дамудың өз моделін қалыптастырдық.

“Тәуелсіздіктің рухани маңызы ерекше. Ұлттық жады жаңғырып, тіліміз, дініміз, дәстүріміз, тарихи әділдік қайта қалпына келді. Бұл – мемлекеттің ішкі тұтастығын, ұлттың болашаққа деген сенімін күшейтетін басты тірек", – дейді халық қалаулысы.
Рая Мінәп
Дүйсенбі, 15 Желтоқсан, 2025 22:00