Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәтті шай болып қойды": Сәкен Бибосынов 1 айдың ішінде үйленетінін айтты

Бокстан әлем чемпионы, Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов жеке өміріндегі жағымды жаңалықпен бөлісті. Ол жақын арада үйленетінін айтты. Бұл туралы боксшы "Хабар" арнасының "Қызық live" бағдарламасында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Екі жақтың ата-анасы кездесіп, "тәтті шай" рәсімін өткізіп үлгерген. 

"1 айдан кейін отау құрсам деген ниетім бар. Бәрі дайын", – деп сүйінші хабарды жеткізді боксшы. 

Бибосынов үйлену бокстағы мансабыма қанат бітірмесе, кедергі келтірмейді деген сенімде. 

"Үйленгеннен кейін нәтиже одан да жақсы болады деп ойлаймын", - деді ол. 

Сондай-ақ 11 жылдан бері бокспен айналысып келе жатқан Сәкен бос уақытында футбол ойнайтынын айтты. Ал жаттығу алаңында рухты, намысты оятатын әндерді тыңдайтын болып шықты. "Шаршамай, көтеріңкі көңіл күйде, жаттығуымызды жақсы өткіземіз. Ескендір Ибрагим, Қуандық Рахым, Ернар Айдар, Қайрат Нұртасты тыңдаймыз", - деді Сәкен. 



Әдетте спортта қандай да жетістікке жеткен спортшылар саясатқа бет бұрып жатады. Алайда Сәкеннің бокстан алыстайтын ойы жоқ. 

"Саясатқа мүлдем ойым кетіп жатқан жоқ. Екі дүркін әлем чемпионы атанып, 2024 жылы Олимпиада ойындарында қоланы алтынға айырбастаймын", - деді ол.

Ал жалпы саясат сахнасына шыққан жағдайда, спортты дамыту үшін ауылдың жігіттеріне көбірек көңіл бөлетінін жеткізді. 

"Чемпион ауылдан шығады ғой. Ауылдың спортын көтеретін едім. Қиындыққа шыдайтын жігіттер ауылдан болады. Қаладағылар қиындық көрмеген. Қиындыққа шыдаған адам ғана чемпион болады", –  деді Сәкен. 

Талқылау