Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тасмағамбетов Арменияның ҰҚШҰ-дан шығуына қатысты пікір білдірді

ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Арменияның ұйымнан шығуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: council.gov.ru

Бұл туралы Тасмағамбетов ресейлік ТАСС басылымына берген сұхбатында айтты. 

21 ақпанда Армения премьер-министрі Никол Пашинян ҰҚШҰ-ның өз міндеттемелерін орындамағанын айтып, ұйымға мүшелігін тоқтатқанын мәлімдеген.

Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, Армения басшылығынан ұйымға мүшелікті уақытша тоқтату туралы ресми хабарлама келмеген. Сонымен қатар ҰҚШҰ хатшылығы Армения билігін қабылданған шешімдер туралы хабардар етіп отырғанын айтты.  

"Ереван кейінгі кездері ҰҚШҰ хатшылығының жұмысына қатысып жүрген жоқ. Бұл Арменияның шешімі және біз халықаралық ұйым ретінде егемен елдің кез келген шешімін құрметтейміз", – деді Тасмағамбетов.

Оның айтуынша, қазір ұйымның сарапшылары Армения төңірегіндегі жағдайды және оның ҰҚШҰ-мен қарым-қатынасын зерттеп жатыр.

"Кейбір оқиғалар мен армян элитасының әрекеттері алаңдаушылық тудыратынын жасырмаймын. Бірақ біз Армения басшылығының саяси байсалдығына сенеміз", – деді бас хатшы.

Сонымен қатар Тасмағамбетов Арменияның ҰҚШҰ-ның одақтасы болып қала беретінін және барлық қолданыстағы міндеттеме күшінде екенін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігін уақытша тоқтатқаны туралы жазған едік.

Талқылау