Қуандық Бишімбаев сотқа шағым түсірді
Әйелі Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаев сотқа шағым түсірді. Ол түрме әкімшілігі ешқандай көтермелеу шаралары жасалмай жатқанын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы сот
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотталғандар жазаны өтеу тәртібін бұзса, оларға көтермелеу шаралары қарастырылмайды.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотталғандарға тәртіп бұзу болған жағдайда көтермелеу шаралары берілмейді. Сотталушының бір рет заң бұзғаны ескеріліп, оған көтермелеу шарасы қолданылмаған. Сот сотталушының талап арызын қанағаттандырған жоқ", – делінген Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарламасында.
Дегенмен Бишімбаевтың қандай тәртіп бұзушылық жасағаны белгісіз.
Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылды. Кейін Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге қамауға ауыстырылған еді.