Тарихи оқиға: Qarmet марганец өндіре бастады

Qarmet Темір кені департаментіне қарасты "Батыс Қаражал" кен орнында соңғы 30 жылда алғаш рет жерасты қазбалары бір жерде тоғысты. Бұл – шахтерлер, "Атасу" кеніші және Қаражал қаласы үшін нағыз тарихи оқиға.
Қазбалардың тоғысуы – бір-біріне қарсы бағытта жүргізілген екі жерасты қазбасын дәл межеде түйістіру үдерісі. Мұндай жұмыс жоғары дәлдікті есептеуді және барлық мамандардың үйлесімді еңбегін талап етеді. Жобаның сәтті жүзеге асуы нәтижесінде жаңа көкжиекті автокөлік еңісімен – шахтаның негізгі жерасты көлік артериясымен біріктіруге мүмкіндік туды. Енді ірі габаритті техникалар шахтаның ең шалғай учаскелеріне дейін еркін жете алады. Бұған дейін мұнда жұмыстар жоғары өнімді техникасыз, қол күшімен атқарылып келген.
Бұл Qarmet үшін жаңа бағыт, себебі марганец кенін өндіруге мүмкіндік беріп, кәсіпорынның өндірістік әлеуетін кеңейтеді.

Сандар сөйлейді
Қазіргі таңда кеніш жылына 2,2 млн тонна кен өндірсе, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 9,5 млн тоннаға жетеді. Яғни өндіріс көлемін төрт есе арттыру жоспарланып отыр.
"Бұл кеніш үшін шын мәнінде тарихи оқиға. Іске асқан жоба жаңа қорларды игеруге жол ашты. Ұжым бұл шешім туралы көп жылдан бері айтып, жүзеге асуын күтіп келді. Мамандар оның қажеттілігін бұрыннан түсінді, алайда жоба маңызын бұрынғы басшылыққа жеткізіп, бастау мүмкін болмады. Бұған дейін мұндай ауқымды қадамдар жасалған емес. Бүгінде жағдай өзгерді", – деді "Атасу" кенішінің директоры Нұртай Омаров.

Марганец өндіру кеніш дамуының жаңа стратегиялық бағытына айналып, компанияның ұзақмерзімді жоспарларында маңызды орын алады. Бұл металды игеру өндіріс көлемін арттыруды, заманауи инженерлік шешімдерді енгізуді және кен өндіру мен шикізатты өңдеудегі үздік халықаралық тәжірибелерді қолдануды көздейді. Кеніш әлемдегі ірі марганец қорының біріне ие, мұнда 349 миллион тонна құнды ресурс бар. 2026 жылы 500 мың тонна марганец кенін өндіру жоспарланса, жобалық қуат жылына 2,5 миллион тонна.
Компания өкілдерінің айтуынша, марганец жеткізуге сұраныстар қазірдің өзінде түсіп жатыр. Бұл жобаның өзектілігі мен болашағын айғақтайды. Марганец металлургияда берік әрі тозуға төзімді болат өндіруде кеңінен қолданылады, сондай-ақ машина жасау, құрылыс, рельс өндірісі, химия өнеркәсібі және аккумулятор өндірісінде сұранысқа ие.

Сонымен қатар Темір кені департаментіндегі негізгі инвестициялық жобалардың қатарында Орталық оқпан тобының құрылысы мен жинақталған шламдарды қайта өңдеу бағдарламасы бар. Бұл жобаларды кешенді түрде жүзеге асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Нәтижесінде тау-кен жұмыстарының тиімділігі артып, техногендік ресурстарды қайта өңдеу арқылы шикізат базасы кеңейеді және 1 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Бөлімшеге бағытталған инвестиция көлемі 400 миллион долларынан асады. Компанияның стратегиялық бағдарламасына сәйкес, 2028 жылға қарай кен өндіру көлемін жылына 9,5 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл компанияның одан әрі өсуіне, шикізаттық тәуелсіздігін нығайтуға және мемлекеттің дамуына оң әсерін тигізетін маңызды кезең болмақ.