Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тараздық келіншек шетінеп кеткен сәбиінің өліміне дәрігерлерді кіналап отыр

Тараздағы перзентхананың бірінен шу шықты. Босануға келген келіншек баласының шетінеп кеткенін дәрігерден көріп отыр.

Құрсақтағы баламды қолдан өлтірді деген ана дер кезінде көмек көрсетпеді дейді. Сол себепті сау бала қанға тұншығып қалғанын айтады. Дәрігерлердің бей-жай қарағандары рас па? Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Баласын бауырына басу бұйырмаған ана өз-өзіне келе алар емес. Есі кіресілі-шығасылы күйде. Ай толғақ қысып, Меркіден облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілген Таңшолпан тоғыз күн дәрігерлердің бақылауында болғанын айтады. Құрсақтағы балаға қауіп жоқ деп сендірген дейді. Толғақ қысып жәрдем сұраған оған бір жарым сағаттан соң дәрігерлер ота жасап, босандырып алған көрінеді. Алайда бұл кезде жатырымдағы бала жарық дүниеге шықпай жатып, шетінеп кеткен еді дейді.

“Ертерек қарағанда тірі қалатын еді деп ойлаймын”, – дейді Меркі ауданының тұрғыны Таңшолпан Қалыпова.

Перзентхана басшысы ерте босандыруға негіз болмады дейді. Талап бойынша толғағы келмеген адамды тудыруға болмайды екен. Ал қанға тұншығып қалуын іштегі баланың жолдасы ерте ажырап кетуінен деп түсіндірді.

“Мұндай жағдайдың бізде өзі алгоритмі бар. Тексеріп экспертиза алғаннан кейін нақты жауаптар беріледі. Бүгінгі күні сараптама қорытындысы шыққан жоқ. Біз қазір мынадан шетінеді, мынадан болды деп толтырып айта алмаймыз”, – дейді Жамбыл облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Айгүл Айтбаева.

Осылайша баланың нақты неден өлгенін сараптама қорытындысы шешпек. Ал перзентханадан баласын бауырына басып шығам деген Таңшолпан әлі бөпенің исі сіңбеген жөргегін құшақтап қайтпақ.

Талқылау