"Оқулығын тартып алып, соққыға жыққан": Қазақстандық сыныптасына буллинг жасаған ұлы үшін үшін айыппұл төледі
Былтыр желтоқсанда Тараздағы №16 мектептің 7-сынып оқушысы өз сыныптасын кемсітетін әрекеттерге барып, буллинг жасаған. Алайда сот кезінде оқушының әкесі ұлының бұл іске еш қатысы жоғын айтып, ақталып әлек болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Жасөспірім сыныптасына буллинг жасағанда оның жанында бұған дейін мектепте және қалалық есепте тұрған тағы екі оқушы болған.
“Олар бірнеше рет баланың аяғынан шалып, мазақтап, сабаққа керек құралдарын тартып алып, жасырып қойған. Сөмкесіне ойыншық пышақ салып, сырт киімдерін жерге лақтырып, кәмелетке толмаған сыныптасын соққыға жыққан”, – деп мәлімдеді әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сот.
Сот отырысында тәртіп бұзған жасөспірімнің әкесі өзінің кінәсін мойындаудан бас тартып, ұлының бұл іске еш қатысы жоғын айтты.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, сыныптастары ұлына сабақ оқуға мүмкіндік бермей, буллинг жасайтын көрінеді. Ол жасөспірімдердің заң бойынша жазаланғанын талап етіп отыр. Әйел ұлына әлімжеттік көрсеткен жасөспірімдерді кешіруден бас тартты.
Жауапкердің өзі де сыныптасына буллинг жасағанын мойындады.
“Айыпталушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, оқиға бойынша полицияның кезекші инспекторының хаттамасымен, оқиға болған жерден бейнежазбаға түсірілген жазбамен, жәбірленушінің арызымен, сондай-ақ сынып жетекшісінің, кәмелетке толмағандардың және олардың ата-аналарының түсініктемелерімен расталады”, – деді сот.
Сот қаулысымен заңды өкіл әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабы 3-бөлігіне (Кәмелетке толмағанды қорлау) сәйкес кінәлі деп танылды. Сондай-ақ жасөспірімнің әкесіне 36 мың теңге айыппұл салынды.
Бұған дейін шығыс Қазақстанда төрт жасөспірім аязда сырт киімінсіз арнайы мектеп-интернаттан қашып кеткені туралы жазған едік.