Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда аялдамада қызды алып қашуға жол бермеген ер адам марапатталды

Нұркен ОмаровФото: Жамбыл облысы полиция департаменті

Жамбыл облысы полиция департаментінде Тараз қаласының тұрғыны Нұркен Умаровты марапаттау рәсімі өтті. Ол 13 жасар қызды ұрлап әкету әрекетінің алдын алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға облыс орталығында болған. Полицияның мәліметінше, белгісіз екі адам автокөлікпен қоғамдық көлік аялдамасынан жасөспірімді алып кетпек болған. Сол сәтте жақын маңда тұрған ер адам араласып, олардың әрекетіне тосқауыл қойған. Оның дер кезінде қимылдауының арқасында күдіктілер қылмыстық ойын соңына дейін жеткізе алмай, оқиға орнынан қашып кеткен.

Кейін олар полиция қызметкерлері тарапынан ұсталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Марапаттау рәсімінде Жамбыл облысы полиция басшысы Қайсар Сұлтанбаев ер адамға ішкі істер министрінің атынан алғыс білдіріп, оның әрекеті батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісі екенін атап өтті.

"Кейде ерлік лауазыммен де, формамен де өлшенбейді. Ол қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдап, көмекке келуден көрінеді. Сіздің жедел әрекетіңіздің арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұл бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне қосылған үлес", – деді департамент басшысы.

Полиция күдіктілерді бірден ұстағанын мәлімдеді.

"Екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", – деп мәлімдеді тергеу сотының төрайымы Раушан Исмаилова.

Қолда бар мәліметке сәйкес, туған екі ағайындыға Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 125-бабының 3-бөлігі 2-тармағы бойынша, яғни кәмелетке толмағаны анық белгілі адамды ұрлауға оқталды деген айып тағылып отыр. Аталған баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейне тараған. Кадрларда аялдамадан қызды алып кету әрекеті көрсетілген. Куәгер араласқаннан кейін белгісіз адамдар оқиға орнынан кетіп қалған.



Еске салайық, бұған дейін Астанада белгісіз ер адам 8 жасар қызды ұрлап кетпек болғанын жазған едік. Оқиға Республика даңғылы бойындағы “Бәрі бар” дүкенінің маңында болған. Анасының айтуынша, ер адам қызды “ұрлап кетемін” деп қорқытып, қолынан тартып әкетуге тырысқан. Балаға сол сәтте жанында болған екі өзге бала көмектескен. Олар абыржымай, қатты айқайлай бастаған. Шудан сескенген ер адам қызды жібере салып, қашып кеткен.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 12:32