Таразда алып баннерді денесімен тосып тоқтатқан сарбаздар марапатқа ұсынылмақ
Таразда күшті желдің кесірінен адамдарды басып қала жаздаған алып баннерді денесімен тосып тоқтатқан үш сарбаз марапатқа ұсынылмақ, деп хабарлайды КТК.
Әскери бөлім басшылығы олардың бұл әрекетін ерлікке балап отыр. 16-шы желтоқсан күні қаланың орталық алаңында мерекеге орай ұйымдастырылған концерт кезінде желдің кесірінен көлемі алты құлаш алып баннер көрермендерге қарай құлаған болатын.
Осылайша күтпеген жерден мерекенің шырқы бұзылған. Оқыс оқиға салдарынан концерт аяғына жетпей тоқтатылып, үрейі ұшқан ел жаппай алаңнан қашып кетті. Ал «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» деген жазуы бар баннер үш сарбаз бен бір жергілікті тұрғынды басып қалған. Екеуінің алған жарақаты жеңіл болғанымен, миына қатты зақым келген екі сарбаз ауруханада жатыр. Үш күн жансақтау бөлімінде жатып, тек бүгін жалпы палатаға шығарылды. Әскери бөлім басшылары үш азаматты марапатқа лайық дейді. Айтуларынша, олар өзгелердің жаны үшін басын бәйгеге тіккен. Яғни, көпшілікке қауіп төндірген баннерді денелерімен тосып қалған.
“Оқиға еміс-еміс есімде. Бұрыла бергенімде, құлап келе жатқанын көрдім. Ары қарай есімде жоқ. Әйтеуір, бірдеңе ұшып келе жатыр. Қолымды созғандай болдым, сонымен бітті. Ары қарай белгісіз”, – деді Аман Әженов, ҚР Ұлттық ұланы 55/13 әскери бөлімінің сарбазы.
Жіберіп алмаңыз:
Ақтөбедегі мұнай ұрлығына қатысты Ішкі істер министрлігінің лауазымды шендісі ұсталды
Петропавлда жас жігіт ауру балаға ақша жинау үшін дүкенге қойылған жәшікті ұрлап кеткен
Павлодарда 40 жастағы азамат ұлтарақтай жер үшін өзін өлтірмек болды