Танымал журналист «Мен еркекпін!» деп өзіне сене алатын азаматтарға үндеу жариялады
Ау, еркектер, бүйтіп жүнжи берсек, әйелдерімізден де, балаларымыздан да, ұлтымыздан да айырылып қаламыз! Осы хатым арқылы «Мен еркекпін!» деп өзіне сене алатын бауырларыма үндеу жариялаймын.
Қос ханымның уәждерін еш өзгертпестен жариялап отырмыз. Екеуі де еркек байғұсты кінәлайды. Тіптен, жерден алып, жерге салады. Бірақ дұрыс айтады. Мемлекетімізде, қоғамымызда болып жатқан кемшіліктердің, қателіктердің бәріне біз, еркектер, кінәліміз әрі жауаптымыз.
Еркек еркектігін, күш-қуатын, намысшылдығын көрсетпесе, ол еркек емес қой. Менің қорқатыным біз, еркектер, әсіресе қазақ еркектері осындай дәрежеге жеттік-ау деп қорқамын. Алла тағалам әу баста жаратқанда-ақ еркекті әйелден артық етіп жаратты. Әйелді оның қабырғасынан жарата салды. Содан соң «әйеліңе, отбасыңа ие бол!» деп, күш-қайратты да, ақылды да еркекке артығымен берді. Пайғамбарлардың ішінде де бір әйел жоқ. Өкініштісі, біз Жаратушымыз сыйлаған артықшылығымызды пайдаланбай жүрміз. Сонаау атың өшкір Кеңес өкіметіне дейін біздің бабаларымыз нағыз еркектік дәрежеде болған деп санаймын. Содан «Раушан коммунистер» «біздің еркектерден неміз кем?» деп едірейіп, үдірейіп шықты. «Кем емессің, теңсің!» деп, өкімет жоғары құқық берді оларға. Кейін әйел тең болуды місе тұтпады. Тәуелсіздік кезінде көп отағасылар отаналардың жұмысын өз еркімен қабылдап алды. Бұған, әрине, әлеуметтік жағдай мәжбүрледі. Содан соң гендерлік саясат деген шықты. Әйел билікке ұмтылды. Қашаннан ана жүрегінің мейірімімен өніп-өсетін балалар және отбасы, ошақ қасы адыра қалды.
Енді міне, бармағымызды қаната тістеп, өкініп отырмыз. Балаларымызды тағдырдың тәлкегіне, жаһанданудың талан-таражына бердік. Кемшіліктеріміз, қателіктеріміз белгілі. «Соларды қалай жөндеуге болады?» деп өзімше бірнеше баптан тұратын хатымды «Мен еркекпін!» деуші бауырларымның қаперіне салғым келеді. Ау, еркектер, үн қатыңдар, үн қосыңдар. Біз біріксек, зор күшпіз. Сонымен, еркектік рөлімізді қайтадан нық қолға алу үшін не істеуге болады?
Әрине, күш көрсетудің, дөрекілік көрсетудің заманы өткен. Шүкір, қазірше мемлекет басында еркектер көбірекпіз. Қазіргі болып жатқан аса қиын жағдайларға (азғындық, зорлық-зомбылық т.б.) байланысты заң немесе кодекс шығаруымыз керек. Ол заң әйелдерге насихаттық, ақыл айту, түсіндіру тұрғысында болса. Мұндай азғындық, зорлық-зомбылық еркекті табанға салып таптай берсе күшейе беретінін, ақырында одан әлсіз жандар — әйелдер, балалар зардап шегетінін саналарына жететіндей жеткізуіміз тиіс. Әрине, заңгерлер мұны арнайы баптармен әрлеп, нақтылауы тиіс.
Біз де өмірде өзіміздің еңсемізді, рухымызды төмен түсірмей, нағыз еркек ретінде ұстануымыз қажет. Ірі мінез, көркем қасиет, салиқалылық, имандылық, сабырлылықпен астасқан күш-қуат, қажыр-қайрат иесі ретінде әйелді мойындатпасақ, бәрі бекер.
Тілімізді, дінімізді өмірімізге батыл түрде кіргізіп, қолданылу аясын кеңейтетін заңдар әкелуіміз тиіс.
Қыздарымыздың кім көрінгеннің қолтық-тарында кетулеріне, жезөкшелікке салынуына, шетелдіктерге тұрмысқа шығуларына тыйым салатын заң қажет (мұндай заң Өзбекстанда, Түркіменстанда т.б. бар)
Әйел, қыздарымыздың жалаңаштануы-на, ғаламторда бейәдеп қылықтар көрсетуіне, казино, түнгі клубтарда еркін жүруіне, арақ-шарап ішуіне, есірткі пайдалануына қатаң шаралар қолдануымыз тиіс. Тіптен, арнайы заң шығарсақ та артықтық етпес.
Отау құру, келіннің ұстанымы, жас қыз-дарымыздың тәрбие-тәлімі, ұлдарымыздың болашақ отағасы болуы, жалпы отбасы болудың маңызы жөнінде ата-бабаларымыздың, әже-леріміздің ғасырлар бойына жинақтаған тәжірибелерін, салт-дәстүрлерін ұрпақ санасына сіңіру бүгін болып жатқан азғындық пен зорлық-зомбылықтың тамырын қияды. Мұны да заңдық тұрғыда өмірге кіргізген абзал.
Ұлттық рух нағыз еркектерде болады. Театрларда жігіттеріміздің әйел болып ойнауы, өмірде олардың әйелдеріне жалтақтауы, мектептерде 99 пайыз тек қыз-келіншектердің жұмыс істеуі, қоғамымызды жайлаған жағымпаздық еркектеріміздің рухын сыпырып, нағыз езге айналдырып жатыр. Бұл мәселелерге де мемлекеттік тұрғыдан тоқтау салу керек.
Намыссыз еркек Отаны түгілі бала-шаға, әйелін де қорғай алмайды. Жат секталарға кіріп кеткендерде, орыстілділердің көпшілігінде, мәңгүрттер мен көзқамандарда да намыс болмайды. Қазіргі еркектердің көбісінде әлі де құлдық психология, үрей бар. Сондықтан «Намыс» кодексін жасап, намыссыздарды қайрау жолында ұдайы жұмыс жүргізу…
Сонымен, қадірлі еркектер, нағыз азамат болып қалу үшін жан дүниемізде, күнделікті өмірімізде үнемі күрес жүргізейік. Елбасымыздың «100 нақты қадамындай», өмірде де өзіміздің еркектік, адамдық, азаматтық ізімізді қалдырайық. Уа, еркектер, ұлтымызды, отбасымызды, ұлымызды, қызымызды, арымызды, барымызды, жанымызды, жерімізді қорғайық!
Ей. қазақтың ер ұлы!
Тіксінбей тік қарайтын
Көрінбей көптен кеттің ғой,
Қайда жүрсің, қалайсың?
Өр кеудең қайда баяғы,
Өршелене қағатын.
Өзіңе қарап күлгендер,
Өлімін сенен табатын! — деп Жанбақыт ақын жырлағандай, ата-бабаларымыздың өр кеудесін, өршілдігін қайта оралтып, нағыз еркек болалық. Сіз қайсы жолды таңдайсыз, еркектікті ме, ездікті ме?
Қазақстан-Заман газеті, Ертай Айғалиұлы