"Жол бер": Жамбыл облысындағы полигон аумағында автокөлік пен танк соқтығысып қалды
Әлеуметтік желіде жауынгерлік көлік пен жолаушылар көлігінің соқтығысқаны көрсетілген видео тарады. Оқиға Жамбыл облысындағы "Мәтібұлақ" полигонында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
"28 тамызда гвардиялық гарнизонның оқу-жаттығу полигоны аумағында әскери техниканы жылжыту кезінде Mercedes автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзып, Т-72 танкімен соқтығысқан. Көлік жүргізушісі жеңіл жарақат алды, бірақ ауруханаға жатқызудан бас тартты. Ешқандай шағымы жоқ", – деді әскери ведомство өкілі.
Министрлік қарулы күштердің көліктері жүретін аумақта "Танкке жол бер" деген белгі орнатылғанын ескертті. Қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында сот 8 адамның өмірін қиған жол апатынан кейін MAN жүк көлігінің жүргізушісін 2 айға қамауға алғанын жаздық. 9 тамызда Хромтау аудандық соты Әйтеке би ауданының жас футболшылары мінген Toyota Ipsum көлігімен бетпе-бет соқтығысқан MAN автокөлігінің жүргізушісін қамауға алуға санкция берді. Жол апатында 8 адам қаза тапты, оның бесеуі бала.
Жүргізушіге “абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу” бабында көзделген қылмысты жасады деген айып тағылған.