Махаббат пен алаяқтық: Қазақстандықтар танысу сайттарында қылмыскерлердің құрбаны болып жатыр
Полицейлер танысу сайттары қылмыскерлерге арналған алаңға айналғанын айтып дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: shutterstock.com
Алматы қаласының криминалдық полициясы азаматтарды интернет арқылы жасалатын қылмыстардан сақтануға шақырады. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, кейбір алаяқтар танысу сайттары мен әлеуметтік желілерді пайдаланып, қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыруда.
Алдымен алаяқтар тартымды қыздың бейнесінде жас жігіттермен танысып, оларға қызығушылық танытады. Біраз уақыт хат алмасқаннан кейін, сенімге кіріп, оларды кездесуге шақырады. Көп жағдайда кездесу орны ретінде жалдамалы пәтер таңдалады.
Кездесу барысында немесе одан кейін қыздың сыбайластары пәтерге келіп, жәбірленушіні қорқытып, күш көрсетеді. Қылмыскерлер оны бағалы заттарын – телефон, ақша, зергерлік бұйымдарынтартып алады. Кейбір жағдайларда құрбандарды несие рәсімдеуге немесе өз шоттарынан алаяқтардың есепшотына ақша аударуға мәжбүрлейді.
Алматы полициясы азаматтарға келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.
"Интернет арқылы танысқанда сақ болыңыз. Бейтаныс адамдармен оқшау жерлерде кездесуден бас тартыңыз. Күмәнді жағдайға тап болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Егер сіз осындай қылмыстың құрбаны болсаңыз немесе күмәнді жағдайға тап болсаңыз, дереу полицияға жүгініңіз”, – дейді полицейлер.