"ҰҚК-нің экс-қызметкері екенін айтты": Белгілі қазақстандық әншіні көршісі ұрып-соққан (видео)
BikaBreezy лақап атымен танылған әнші әрі блогер Биназир Ермағамбетова көршісінің ұрып-соққанын айтты. Онымен қоймай ер адам бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейтінін айтып қорқытқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Алматы қаласы Медеу аудандық сотында қаралып жатқан іс барысында әнші айыпталушының өзіне қарсы шағым түсіргенін білген.
"29 қаңтарда өз үйімнің ауласында мені салмағы 130 келі ер адам ұрып-соқты. Ал менің салмағым бар болғаны 50 келі. Ер адамның маған жасаған соққысынан кейін маңдайымда көгерген жер пайда болып, ісініп кетті. Өзімді қорғау үшін оны лақтырмақ болдым, бірақ нәтиже шықпады. Керісінше ол мені ұрып-соғып, тұншықтырды. Оның үстінен арыз жаздым. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Мен жәбірленушімін. Дегенмен екінші іске қатыстым. Себебі көршім ол мені ұрып-соқты деп үстімнен арыз жазыпты", – дейді әнші.
Биназирдың сөзінше, ер адам сот кезінде мемлекеттік органдарда таныстары көбін айтып мақтаныпты.
"Мен арыз жазған соң, ол да арыз жазуға шешім қабылдапты. Ол маған сотта байланыстары мен ақшасы барын, бұрын мемлекеттік органда жұмыс істегенін айтып, айғайлады. Ол расымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері екен. Бірақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа қызметкерлері бұл сияқты емес деп үміттенемін", – деді ол.
Әнші жарақатына байланысты өнер көрсетуден бас тартуға тура келгенін айтты.
"Қайтадан несие алуыма тура келді. Бетім көгеріп, орындалмаған келісімшарт үшін 4,5 миллион төледім", – дейді әнші.
Әншінің беті ғана емес, көмейі де зақымданған. Осының кесірінен шетелдік лейблдермен келісім-шарты бұзылып, ән жаза алмай қалған.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді.
Полиция департаментінің мәліметінше, аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
“Медеу аудандық полиция басқармасы, ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс жүргізу аясында тиісті сараптамалар мен процессуалдық әрекеттер жүргізілді. Қылмыстық іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Талдықорғанда 17 жастағы жасөспірім жігітті аяусыз соққыға жыққаны туралы жазған едік.