Танымал қазақстандық режиссер көз жұмды
Қазақстандық белгілі театр режиссері, қоғам қайраткері Болат Атабаев 69 жасында өмірден озды. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қош бол, ірі тұлға" деп жеткізді қаралы хабарды ол. Танымал режиссердің қайтпас сапарға аттанғаны туралы хабарды мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі растады.
Болат Атабаев 1952 жылы 14 мамырда дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, "Ақсарай" театрының көркемдік жетекшісі, республикалық неміс театрының, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының режжисері болды. Грузия, Италияда тәжірибеден өтіп, Германияда білім алды. 40-тан астам спектакльді сахналап, қазақ және орыс тілдерінде бірнеше пьеса жазды.
Болат Атабаев театр өнеріне орасан зор үлес қосқан тұлға. Ол режиссерлік еткен қойылымдар Ресей, Германия, Грузия, Түрікменстан мен Қазақстанда өткен халықаралық театр фестивальдерінде жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар Болат Атабаев оппозициялық қозғалыстың белсенді мүшесі болғанын атап өткен жөн.