“Рэкетир” фильмінің жұлдызы Мұрат Бисембин өмірден өтті
Фото: https://www.instagram.com/jemappelledali/
Ауыр дертке шалдыққан “Рэкетир” фильмінің жұлдызы Мұрат Бисембин 54 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаралы хабарды өнер иесінің қызы әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді.
“Шексіз жақсы көремін”, – деп жазған ол.
Актер туралы не белгілі?
Мұрат Бисембин 1972 жылы 11 қазанда Қызылордада дүниеге келген. Ол политехникалық институтты “ауыл шаруашылығының инженер-механигі” мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Алматыдағы Өнер академиясын бітірген. Экрандағы дебюті қазақ-ресейлік “Каждый взойдет на Голгофу” сериалындағы эпизодтық рөлден басталды. Кейін “Рэкетир” фильмінде Руслан болып ойнап, Қазақстан көрермені арасында кеңінен танылып, үлкен танымалдыққа ие болды. Сондай-ақ ол “Томирис”, “Барлық әлем біздің аяқ астымызда”, “Книга легенд: Таинственный лес”, “Ағалар”, “Брат или брак”, “Сіз кімсіз, Ка мырза?” және басқа да көптеген фильм мен сериалдарда ойнаған.
2024 жылғы күзде Мұрат Бисембинге ұйқыбезі қатерлі ісігі диагнозы қойылып, ем қабылдаған. Денсаулығына байланысты актер жобалардан бас тартып, түсірілімдерді уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
Былтыр желтоқсанның соңында актер инсульт алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Оған дейін отбасы оның бірде жақсарып, бірде күрт нашарлап отырғанын, жағдайы тұрақсыз екенін айтқан еді. Соңғы бір жарым жылда Мұрат Бисембин ауруханадан шықпай, ем қабылдап жүрген.
Айта кетейік, бұған дейін Мұрат Бисембиннің қызы Сафия әкесінің қазіргі жағдайы жайлы айтқан еді.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді