Таңғы 7-де басталсын: Алматы тұрғыны әкімнен жұмыс уақытын өзгертуді сұрап, петиция жариялады
Алматы тұрғыны қала әкімі Ерболат Досаевтан мектептердің, ауруханалардың және басқа да мекемелердің жұмыс уақытын 2 сағатқа ертерек бастауды сұрап, петиция жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Александр есімді қала тұрғыны әкімнен Қазақстанның біртұтас уақыт белдеуіне көшуіне байланысты қалалық коммуналдық қызметтердің жұмыс уақытын екі сағатқа ауыстыруды сұрайды. Оның пікірінше, жұмыс күні таңғы сағат 07:00-де басталып, 16:00-де аяқталуы керек.
"Алматы тұрғындары үшін күндізгі уақытты ұлғайту" деп аталатын петиция авторы әкімдер өз қарамағындағы құрылымдардың жұмыс уақыты мәселесін өз бетімен шеше алатынын айтады.
"Коммуналдық қызметтердің жұмыс уақытының басталуын 2 сағат артқа шегеру мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын. Мысалы, егер ұйымдар қазір жұмысты таңғы сағат 9-да бастап, кешкі сағат 18:00-де бітетін болса, мен жұмыс күнінің басталу уақытын таңғы сағат 7-ге, аяқталу уақытын 16:00-ге белгілеуді ұсынамын", – делінген петицияда.
Александр қалалық қоғамдық көліктердің жұмыс кестесіне де осындай өзгерістер енгізуді ұсынады.
"Бұл тұрғындарға күндізгі жарықты тиімді пайдаланып, қараңғы түскенше үйлеріне қайтуға мүмкіндік береді", – дейді петиция авторы.
Еске салсақ, бұған дейін уақыт белдеуінің ауысуына байланысты еліміздің шығысында жұмыс уақытын өзгерту мәселесі қаралып жатқаны туралы жазған едік.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді