"Тамыр-таныстық па?": Көкшетау әкімінің 26 жастағы жаңа кеңесшісінің өмірбаяны қызу талқыға түсті
Фото: t.me/prokadrykz, gov.kz
Көкшетау әкімінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі қызметіне 26 жастағы Айым Тұрапекова тағайындалды. Жаңа кеңесшінің өмірбаяны әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
PRO КАДРЫ KZ Telegram-арнасы жариялаған өмірбаянына сәйкес, Айым Тұрапекова 1999 жылдың 1 қаңтарында Павлодар облысында дүниеге келген. 2019 жылы Халықаралық бизнес университетін "экономика және құқық" мамандығы бойынша аяқтаған.
Желі қолданушыларын ең қатты таңғалдырған тұс – Айымның еңбек жолын 2015 жылы премьер-министр кеңсесінде тағылымдамадан өтуші ретінде бастауы. Ол кезде оның жасы небәрі 16-да болған.
Алайда кейінірек өмірбаян түзетіліп, премьер-министр кеңсесіндегі тағылымдасының басталу жылы ретінде 2015 емес, 2019 жыл көрсетіліп, тағы аз уақыттан соң бұл тағылымдама туралы мәлімет өмірбаян мәтінінен мүлде алынып тасталған.скриншот
Ал премьер-министрдің баспасөз қызметі Айым Тұрапекованың премьер-министр кеңсесінде ешқашан тағылымдамадан өтпегенін және жұмыс істемегенін хабарлады.
Журналист Гүлбану Әбенова Айым Тұрапекованың Көкшетау әкімі Әнуар Күмпекеевтің жерлесі екеніне назар аударды, екеуі де Павлодар қаласының тумасы. Әбенованың айтуынша, Тұрапекованың PR саласында еңбек өтілі жоқ.
"Олар – жерлестер. Тамыр-таныстық па? 41 жастағы Әнуардың төрт бірдей дипломы бар. Бірақ бұл университеттер оған коммуникацияны мүлде үйрете алмаған сияқты, өйткені ол көмекке Павлодардан Айымды шақыруға мәжбүр.
Жергілікті университеттер коммуникация мамандарын даярламай ма? Әлде қалада бірде-бір жұмыссыз баспасөз хатшысы жоқ па? Егер төрт дипломы бар адам коммуникация саласында тәжірибесі жоқ кеңесшіге мұқтаж болса, онда оның әкім болуға білімі де, біліктілігі де жеткіліксіз. Сонда осындай білімсіздердің кесірінен не үшін бюджет қаржысын тәжірибесіз қыздарға жұмсауымыз керек?" – деп жазды жазды Гүлбану Әбенова.