Тамара Асар: Бір аяғымнан айырылсам да, өмірге деген құштарлығымнан айырылғаным жоқ
41 жастағы Тамара Асар өмірде де, өнерде де өжеттігімен көзге түскен дарабоз әншінің бірі. 90-шы жылдардың соңында жол апатына ұшырап, бір аяғынан айрылғанына қарамастан, сахнаға шығып, елдің сүйікті әншісіне айналды. Оның өмірі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін толғандырып, елбасының ұсынысымен әнші туралы «Арманның ақ желкені» атты деректі фильм түсірілді. «Қиындық әркімнің басында болатын нәрсе, тек оны жеңудің кілті – жүректе» деген әнші өмірге ғашық адам кез-келген қиындықты жеңетінін айтады.
«Құрмет» орденінің иегері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, белгілі әнші Тамара Асардың «Сахна сыртындағы сырын» Qazaq газеті оқырман назарына ұсынды.
СТУДЕНТ КЕЗІНДЕ АЛМАТЫДАН ПӘТЕР САТЫП АЛДЫ
– Тамара, әнші болу бала күнгі арманыңыз ба еді?
– Қаршадай кезімнен жақсы билейтінмін. Биші болуды армандайтынмын. Алтыншы сыныптан соң Ақтаудан Алматыдағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға келдім (Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатты айтып отыр, – ред.). Қазақ тілі мен әдебиетті сүйіп оқыдым. Менің бойым аласа еді, қазір де солай (154 см), ал құрдастарымның денелері ірі, бойлары ұзын болды. Қабілетіме қарамастан, би топтарына кіре алмайтынымды, тек өзім үшін ғана билей алатынымды түсіндім. Сонымен ән айтумен айналыса бастадым. Негізі атам да, әкем де ән айтатын. Алайда әке-шешем менің әнші болуымды құптамады. Олар: «Қызым, одан да музыка пәнінің мұғалімі бол», – деді. Мен қарсыласқан жоқпын. Бірақ, жасырын түрде Алматыдағы эстрадалық студияға (қазіргі Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада және цирк колледжі, – ред.) құжатымды тапсырдым. Сынақсыз қабылдандым. Дегенмен, ЖенПИ-дің (қазіргі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, – ред.) музыка факультетіне оқуға түсуге тура келді. Институтта талайды тамсандырып, ұлттық мәдениеттің эталонына айналған «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінде ән салдым. 1997 жылы Секен Тұрысбектің «Ақ жауын» фольклорлық ансамблінің құрамына ендім. Осылайша әншіліктің дәмін татып, кәсіби жолға түсе бастадым.
– Ал, студенттік кезіңізде жұмыс жасадыңыз ба?
– Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі жылдар бәрімізге де оңай болған жоқ. Экономикалық дағдарыс пен ауыр қаржылық тұрақсыздық кезінде жатақханамызда жылу, жарық болмайтын еді. Әрине, сондай қиын уақытта күн көру үшін жұмыс жасауға тура келді. Күлкілі болса да айтайын, студенттік жылдары вареники жасайтынмын. Оларды менен сатып алатын 5-6 отбасы болды. Есесіне, ақшадан тарыққан жоқпын. Әрқашан өзіме айран мен тәтті тоқаш сатып алуға мүмкіндік бар-тын.
Қонақүйде де жұмыс жасадым. Кейін мейрамханада ән салатын фольклорлық топтың құрамына ендім. Ол жерде ақыны жақсы төлейтін, соның арқасында сіңілім екеуіміз Алматыда пәтерлі болдық. Тағдырдың сыйы ма, әлде жолымыз болып кетті ме, әйтеуір біз пәтерді өте арзанға сатып алдық.
Менің Алладан басқа жәрдемшім болған жоқ. Ата-анам алыста еді. Сондықтан өзіме ғана сенуге тырысатынмын. Бірақ, маған ауылдан ет салып жіберетіндерін анық білетінмін.
ТАМАРАНЫҢ ЕКІНШІ ҒҰМЫРЫ
– Сіз, екінің бірі төзе бермейтін қиындықтарды жеңіп, жетістікке жеткен санаулы әншінің бірісіз. Өміріңізде болған қиыншылықтарды қалай жеңдіңіз?
– 1997 жылы ансамбльде жұмыс жасай бастағанымда бақыттан басым айналып жүрді. Барлық құрбыларымда жігіт, баспана, ақша сынды мәселе болса, ал менде ондай мәселе болған жоқ. Ақша маған өздігінен келіп жатты. «Ақша мені жақсы көргендіктен өздігінен келеді» деген күпірлік сөзді айтатынды шығардым. Кейін ол бақыттың құны мен үшін тым жоғары болды.
Өміріңдегі ең ауыр кезеңді еске алу да қиын. Жиырма бір жасымда ағам үйленетін болып, тойдың қамымен жүгіріп жүрген едік. Әкем, ағам үшеуміз жол апатына ұшырадық. Дәл сол сәттегі жантүршігерлік оқиғада мен барлығының құнын төлегенімді түсіндім. Әкем: «Саған аяқ жасап береміз», – деді. Мен бұған дайын едім. Өйткені, оның алдында түс көрдім. Түсімде аяғымдағы бір туфлиімді жоғалтып алып, оны ағаштан жонып жасап отыр екенмін.
Барлығын басынан бастауға тура келді. Төсек тартып көп жаттым. Отыра алмайтынмын. Арбамен қозғалатынмын. Бірақ, сол жол апатында бір аяғымнан айырылсам да, өмірге деген деген құштарлығымнан айырылғаным жоқ.
Қиындықты ешкім жалғыз жеңе алмайды, жалғыз адамға қиындықты еңсеру өте қиын. Менің қасымда ата-анам, ағайын-туысым, туған бауырларым болды. Сонымен бірге, мені жақсы көретін, менен үміт күтетін жандардың үмітін, сенімін жерге тастағым келмеді. Олардың маған артқан үмітін, сенімін ақтап шыққым келді. Мен өзімді үлкен команданың капитаны сезіндім, егер мен құласам, менен үміт күткен көп адам құлайтындай көрінді. Соның арқасында деп ойлаймын, қиын күндер артта қалды. Сахнаға қайта оралуға да күш берген осы айналамдағылардың үмітін ақтауға тырысу болды. Қазір де шаршаған сәтте жігерді айналамдағы адамдардан, әке-шешемнен, баламнан аламын. Олар берік жандар. Рухы мықтылар тіреп тұрса, сені құлатпайды. Құлап бара жатсаң да, сынып бара жатсаң да аман алып қалады. Тіл-көз тасқа, жан-жағым, жан-күйерлерім мықты. Балам – бауыр етім. Менің «сынғанымды» балам көрсе не болады? «Батырмын, қайсармын» деп айта алмаймын, бірақ, жақындарымның үмітін ақтауды өзіме тірек етіп алғанмын. «Сынып» кете жаздаған сәттер де болды. Бірақ, түсінгенім қиналғаныңда қайғыға мойынсынбау керек екен. Бәрі де өткінші, сынақ қой…
– Ал, Сіз күйзеліске жиі түсесіз бе?
– Мен ұзақ күйзеліске ұшыраған емеспін. Кейде екі-үш күнге телефонсыз бір жақтарға кетіп қалатын кездер болады. Табиғатпен тілдессем, өзімді жаңа туған адамдай сезініп қайтамын.
– Сонда көбіне қай жаққа барасыз?
– Ақтауда болсам – теңізге, Алматыда болсам – тауға барамын. Бірақ, мұны күйзеліске жатқызуға болмас. Күйзеліс – өмір сүргің келмеген, ештеңе жасағың келмейтін сәттер. Ал мен физикалық тұрғыдан шаршап, күш-қуатым азая бастағанда осылай жасаймын. Емханаларда да күш жинаймын. Жол апатынан кейін маған көп ота жасалды. Оған қарамастан мен ән саламын. Бірақ, зардабы, әрине, қалды. Түске дейін ауруханалық ем-шараларда боламын. Немесе маған массажистер келеді. Менің омыртқам, жамбас сүйектерім сынған, созылмалы бронхитпен де ауырдым. Төсек тартып ұзақ жатқан кезде көп ойланасың, барлық ойларыңды електен өткізіп үйренесің. Бұл енді өз-өзіңмен жұмыс жасай білу.
– Сізге өз-өзіңізбен қалу ішіңізді пыстырмай ма?
– Ешқашан! Мен өзіме-өзім жаумын және өзіме-өзім доспын. Менің бақталасым – өзіммін. Адам өз-өзін «жеп» жіберуі мүмкін, сондықтан қандай жағдай болмасын, үнемі жұмыс жасау керек. Мен апаттан аман қалған кезде бір түсінгенім: ең бастысы – мен ойлай аламын, сөйлей аламын, көре аламын. Бізге табиғат берген сыйдың ең үлкені осы.
ӨМІРГЕ ӨКІНЕ АЛМАЙТЫН ӘНШІ
– Сіздің өмірге деген өкпеңізді айтып, көз жасыңызды сығып алатын адамыңыз бар ма?
– Мен өмірге өкпе айтудан қорқамын. Өмірге тойынған адам ғана өкпе айтады. Бірақ, жылағым келсе жылаймын. Тіпті, бөтен адамның алдында болса да…
Мен ақырын жүремін. Бірақ, ойыммен шақырымдарды бағындырамын. Маған аянышпен қарағанды қажет етпеймін, мені адам ретінде, әйел ретінде, әнші ретінде жақсы көргендерін қалаймын. Айтпақшы, мен ешкімнің көзінен аянышты көрген емеспін, керісінше, өмір мені кейде жақсылап тепкінің астына алады.
– Сіздің өміріңіз туралы «Қазақфильм» деректі фильм түсірді. Осы фильм туралы айта кетсеңіз…
– Президентіміз Нұрсұлтан Әішұлы Маңғыстауға келгенде, мен ол кісінің алдында ән айттым. Көлік апатынан кейін сахнаға қайта шығып жүрген кезім. Аяғымды ауырсынып жай қозғаламын, бірақ әнді жан-тәніммен беріліп айтатынмын. Сонда Елбасы жергілікті азаматтардан: «Мынадай талант иесі Маңғыстауда неғып жүр? Неге үлкен сахнаға шықпайды?» деп сұраған екен. Олар жол-көлік апаты туралы, денсаулығым туралы баяндап беріпті, мұны естіген Елбасы мен жайлы фильм түсіруге ұсыныс айтады. Кейін осы деректі фильм түсірілді. Үлкен сахнаға да шықтым.
– Ұлыңыз Қамбар да анасына тартып, музыкаға бет бұра ма?
– Байқауымша, ұлымыз спортты ұнатады. Мен де кезінде қозғалысты ұнататынмын. Оның әкесі де… Әзірге біз теннис, шахматқа барамыз. Негізі баланы ештеңеге үйретіп керегі жоқ, олар біздің айнамыз ғой.
Балам қоғамдық көлікпен жүреді. Менің көлігіме сирек отырады. Адам жақсы нәрсеге тез үйренеді, одан кейін апарып, алып келуімді талап ететін болады. Немесе жүргізуші қажет болады. Маған оның сапалы түрде ойлай білгені қажет. Қазақта «Бала берсең – сана бер» деген сөз бар ғой.
– Тамара, Сіз бір әңгімеңізде бұрын толықтау болғаныңызды айтып едіңіз…
– Менің қазір тамаққа тәбетім жоқ. Асқа жұмысқа қарағандай қараймын. Менің міндетім өзімді тамақтандыру, денем маған жұмыс жасайды, кәдімгі машина сияқты. Ал машина күтімді қажет етеді. Менің тәбетімнің қай кезде жоғалғанын білмеймін, мүмкін жол апатының психологиялық әсері болар. Студенттік кезімде тамақ жегенді өте жақсы көретінмін.
– Ән салумен қазіргі кезде қыруар қаражат таба аласыз ба?
– Таба аламын. Мен тек ән саламын. Менің қазақ болғаным қандай жақсы, қазақтар тойды жақсы көреді, бір адамның өзінің өмірінде ең жоқ дегенде он той болады: шілдехана, сүндет той, үйлену…
Маған бәрінен де классикалық халық әндері ұнайды. Өйткені, ең жоғарғы мәдениет – сенің өз тіліңді, тегіңді, өз әніңді білуің.
– Соңғы сұрақты отандық шоу-бизнес туралы қойсам артық болмас. Қазақстандық шоу-бизнесте не жетіспейді?
– Бәсеке жоқ. Қазір халықтың талғамы өсті. Сұраныс бар, ұсыныс жоқ. «Бір ортақ іске жұмылып, ән өнерін дамытайық!» деген ниет жоқ болса, қандай бәсеке болмақ? «Әр молда білгенін оқиды» дегеннің кері келіп жүр. Әркім білгенінше әнші болып жүр. Бұрын көркемдік кеңес деген болатын. Қазір «кім қайда жүр, қандай ән орындап жүр?» деп толғанған жанды көрмедім. Бір үлкен мемлекеттік Одақ құрылса, оған тек кәсіби әншілер мүше болса, дұрыс болар еді. Ал, қазір шөпті де, шөңгені де ән етіп айтып жүргендер көп. Бірін-бірі қайталайды. «Бәсекелістік болсын, өнер дамысын» десек, бір ұйым жүйелі қызмет етуі керек. Сонда деңгейіміз өсіп, өзге елдердің әншілерімен теңдесе аламыз.
– Тамара, «Сахна сыртындағы сырыңызға» алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ
Жіберіп алмаңыз:
Скрипкашы Лана екінші рет ана атанды (фото)
Мирас пен Құралай ерекше бизнес түрімен айналыса бастады
Әке тәрбиесі туралы сөз еткен Бүркіт көптің жүрегін елжіретті
Ақбота Сейтмағамбет Жанар Айжанованың “келіні” атанды (фото)