Тамақ шаң-тозаң мен қоқыстың ортасында әзірленеді: Астанадағы даулы асхана әлі жабылмай тұр
Фото: Видеодан скрин
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде жарты жылдан бері шешімін таппай келе жатқан антисанитариялық асхана мәселесі тұрғындардың наразылығын күшейтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tv7.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Кешен тұрғындары "Шығыс" тұрғын үйіндегі бұл цехта түнде манты мен басқа да тағамдар дайындалып, таңертең олар контейнерлерге салынып, әртүрлі орындарға таратылатынын айтады.
Өзін өзі басқару ұйымының төрайымы Айгүл Құлбосынова бұл жағдайдың сәуір айынан бері жалғасып келе жатқанын айтады.
"Ешнәрсе өзгерген жоқ, кәсіпкер бұрынғыдай ортақ дәліздің бір бөлігін пайдаланып отыр. Бұл тұрғын емес, жалға алынған орын. Олар түнде жұмыс істеп, таңертең қайтадан өнімдерін осында орналастырады", – дейді Айгүл Құлбосынова.
Полицияның араласуымен өрт шығу жолы уақытша ашылғанымен, көп ұзамай бәрі қайта жабылған. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы нақты деректердің жетіспеуін сылтауратқан.
Нұра ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақмарал Мейірманова мәселеге қатысты пікір білдірді.
"Бізге түскен өтініште кәсіпкер туралы нақты деректер жеке кәсіп (ИП) атауы, ЖСН немесе БИН көрсетілмеген. Сол себепті өтініш иесіне құжатты толықтырып, толық мәліметпен қайта жолдау ұсынылды", – деп түсіндірді Ақмарал Мейірманова.
Алайда тұрғындар бұл жауаппен келіспейді. Олардың айтуынша, өтінішке кәсіпкердің аты-жөні мен телефон нөмірі, тіпті фото және бейне дәлелдер де тіркелген. Соған қарамастан, санитариялық қызмет тексеріс жүргізуге асықпай отыр.
Тұрғындар егер тиісті органдар нақты шара қолданбаса, мұндай бейберекет асханадан жаппай улану оқиғасы болуы мүмкін деп алаңдаулы.
Өзбекстанда балабақшада 109 бала айраннан уланып қалды
Қазақстандық қыз донерден әйнектің сынығын тауып, аузы қанап кеткен
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында Жұмағали Қалдығараев атындағы жалпы білім беретін мектепте 16 оқушы тамақтан уланып қалды. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары оқу орнынан тамақ пен ауыз су сынамаларын алып, сараптамаға жіберді. Сондай-ақ өткен жылы қыркүйек айында Маңғыстау облысында Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте оқушылар жаппай тамақтан уланып қалғанынжазған едік. Деректерге сүйенсек, мектеп асханасына барған 1-4 сынып оқушылары зардап шеккен.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
