"Тамақ бермей, азаптап, есірткі берген": Қазақстандық әйел бір ай сексуалды құлдықта болған

Фото: Ru.freepik.com
Қазан айының соңында Степногорскте ер адам қызды ұрлап әкетіп, сексуалды құлдықта ұстаған. Қыздың туысы тергеудің әділ өтуін талап етіп, дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйелдің айтуынша, оның әпкесі алтын өндіретін кен орнында күзетші болып жұмыс істеген. Қазан айының соңында әпкесін сонда бірге істейтін әріптесі ұрлап әкетіп, белгісіз жерде шамамен бір ай бойы ұстаған. Туыстарының айтуынша, күдікті әпкесімен жұмыста танысқан. Ол үйленеміз деп уәделесіп, қыздың сеніміне кіріп, тіпті қыздың анасымен кездескен. Соңғы рет қыз жігітінің жібермей жатқанын айтып, байланыс мүлдем үзілген.
Жәбірленушінің туысының сөзінше, ер адам жәбірленушіге тамақ пен су бермей, азаптап, есірткі қолдануға мәжбүрлеп, ұйқы бермей, ар-намысын таптаған. Жәбірленушінің жақындары қылмыскер жалғыз болмады деп күдіктеніп отыр.
“Ол нағыз тозақтан өтті. Оның үстіне, бұл іске бір адамның ғана қатысы болмауы мүмкін. Әпкем терезе арқылы әрең қашып шығып, аяқтарын жарақаттаған. Қан-жоса, әлсіз, үстінде киімі жоқ, қашып шығып, өтіп бара жатқан адамдардың аяғына жығылып, көмек сұраған. Қазір ол Степногорск қаласының ауруханасында жатыр”, – деп жазды Threads желісінің қолданушысы.
Айтуынша, әпкесі әбден қалжырап, жүре алмай қалған. Жай ғана жанасып, өзінен өзі дірілдеп, жылайды дейді жәбірленушінің жақыны. Бірақ қазір дәрігерлер “мазасын алып, онсыз да ауыр халін нашарлатпау үшін” оның жанына жақындарынан ешкімді кіргізбей отыр. Ал тергеуші мен учаскелік полиция қызметкеріне шектеу қоймаған.
“Әпкем жатқан ауруханада әлі күнге дейін тиісті сараптамалар жүргізілмегендіктен, сексуалдық зорлық болған-болмағанын әлі білмейміз. Бұл процесті неге созып жатыр? Ең қорқыныштысы, барлығы оны нашақор сияқты көрсеткісі келіп жатқандай”, – деп жазды ол.
Жақындары жәбірленушінің басынан өткен жағдайын өз келісімімен болды деп көрсеткелі отыр деп алаңдайды.

Фото: threads.com/@gumikaz1ya
Ақмола облысының полиция департаменті аталған істің Степногорск қалалық полиция басқармасында тіркелгенін мәлімдеді. Қазір қыз қаладағы психикалық денсаулық орталығында ем алып жатыр.
“Қызды ауруханаға жеткізген кезде оның денесінен сынған шыныдан болған жарақат іздері, сондай-ақ есірткі және алкогольдік масаңдық белгілері анықталған. Тексеру барысында жәбірленуші тараптың уәждері мен оқиғаның барлық мән-жайы мұқият зерттеліп, соңғы процессуалдық шешім қабылданады. Азаматтардан ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз”, – деп атап өтті ведомство.
"30 минутқа созылады, тез келемін деген еді": Астанада көзіне лазерлі ота жасатуға барған жалғызбасты ана қаза тапты