Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғат Байсуфинов ұлттық құрамада қала ма? — ҚФФ бас бапкерге қатысты мәлімдеме жасады

бас бапкерФото:ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) ұлттық құраманың бас бапкеріне қатысты ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ҚФФ президенті Марат Омаров бас бапкерді тағайындау мәселесіне байланысты пікірін білдірді.

“Біз бұл мәселе бойынша әлі нақты шешім қабылдаған жоқпыз. Қазір әлеуетті үміткерлермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, Талғат Маруановичпен де барлық шарттарды талқылаймыз. Менің ойымша, келесі жылдың басында бұл мәселе өз шешімін табады. Қазақстан құрамасы FIFA Series ресми турнирінің алғашқы маусымына дайындықты бастауы керек. Алғашқы жарыс келесі жылдың наурыз–сәуір айларында өтеді. Қазақстан бұл турнирді қабылдайтын елдердің қатарында. Әр топта әртүрлі құрлықтардан төрт ұлттық команда болады. Қатысушылардың толық тізімі келесі жылдың басында жарияланады. Дегенмен, дайындықты қазірден бастауымыз қажет”, – деді Марат Омаров.

Айта кетейік, Талғат Байсуфинов ұлттық құраманы тізгіндегеннен кейін қазан айында команда екі матч өткізіп, төрт ұпай жинады. Қазақстан Лихтенштейнді 4:0 есебімен ірі есеппен жеңсе, Солтүстік Македониямен тең түсті.

Ал қараша айында 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Бельгиямен 1:1 есебімен тең ойнады. Ал Хорватияның Пула қаласында Фарер аралдарына қарсы өткен жолдастық матчта ұлттық құрама есе жіберді.

 

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 24 Желтоқсан, 2025 18:55