Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғардағы зорлау, кісі өлтіру және адам ұрлау ісі: Прокурор басты күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

Фото: Видеодан скрин

Талғарда ер адамды аса қатыгездікпен өлтіру, екі жасар қызды ұрлау және әйелді зорлау дерегі бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Прокурор негізгі айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

6 қыркүйекте Талғар маңындағы Қызыл-Қайрат ауылында ер адам екі кәмелетке толмаған сыбайласымен бірге жергілікті тұрғынды өлтіріп, оның екі жасар жиен қызын ұрлап кеткен. Кейін арнайы жасақ баланы босатып, анасына тапсырды, ал күдікті ұсталды. Бұған дейін баланың анасы айыпталушының өзін зорлағаны туралы полицияға арызданғаны белгілі болды. Алайда сол кезде ол ұсталған жоқ.

Жәбірленуші тараптың адвокаттары Жандос Палманов, Гаухар Сариева және Асылбек Абдраимовтың айтуынша, прокурор негізгі айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын талап етіп отыр. Кәмелетке толмаған екі сыбайлас (А және К) үшін мемлекеттік айыптаушы әрқайсысына 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жаза қылмыстар жиынтығы бойынша жеңілірек жазаны қатаңырақ жазаға сіңіру арқылы белгіленген.

"Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып жасалған кісі өлтіру айыбы бойынша прокурор әр сотталушыға 9 жыл сұрады. Адам ұрлау эпизоды бойынша – 7 жыл 6 ай. Қылмыстар жиынтығын ескере отырып, кәмелетке толмағандардың әрқайсысына түпкілікті 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады", – деді адвокат Жандос Палманов.

Адвокаттардың мәліметінше, жәбірленуші тарап мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен келіскен. Соңғы шешімді сот тергеуі аяқталғаннан кейін шығарады.

Іс бойынша кімдер күдікке ілінді?

Аталған іс бойынша үш адам күдікті ретінде өтіп жатыр. Негізгі фигурант азамат Е бірден 12 бап бойынша айыпталып отыр:

  • 99-бап 2-бөлік 7-тармақ – адамдар тобы болып жасалған кісі өлтіру
  • 125-бап 3-бөлік 2-1-тармақ – кәмелетке толмағанды тарта отырып адам ұрлау
  • 120-бап 1-бөлік – зорлау
  • 121-бап 1-бөлік – күш қолдану арқылы сексуалдық сипаттағы әрекеттер
  • 190-бап 3-бөлік 4-тармақ – адамдар тобы болып жасалған алаяқтық
  • 147-бап 5-бөлік – жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу (оның ішінде интернет-платформаларда дербес деректерді заңсыз тарату)
  • 149-бап 2-бөлік – тұрғын үйге заңсыз кіру
  • 115-бап – кісі өлтіремін деп қорқыту
  • 287-бап 3-бөлік – қаруды заңсыз жасау
  • 288-бап 1-бөлік – қаруды заңсыз сақтау
  • 200-бап 1-бөлік – автокөлікті ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену
  • 132-бап 4-бөлік – кәмелетке толмағанды қылмысқа тарту

Ал кәмелетке толмаған А және К екі эпизод бойынша айыпталуда: адамдар тобы болып жасалған кісі өлтіру және кәмелетке толмағанның қатысуымен жасалған адам ұрлау ісі. Белгілі болғандай, бұл оқиға қайғылы шарықтау шегіне дейін бір ай бұрын басталған. Ұрланған қыздың анасы бір ай бұрын зорлау фактісі бойынша полицияға арыз берген. Адвокат Гаухар Сариеваның айтуынша, сол кезде күдіктіге қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған. Қыркүйек айының басында отбасы күдіктіні өздері тауып, полицияға жеткізген, алайда ол қайтадан босатылған.



2025 жылғы 6 қыркүйекте ер адам достарымен бірге әйелдің үйіне келіп, оның 27 жастағы ағасын атып өлтіріп, қызын алып кеткен. Ер адам оқиға орнында көз жұмды. Оның артында үш баласы мен жүкті жары қалды. Қыз бала кепілде ұсталған. Қуғын кезінде күдікті көлікпен бірге жардан құлаған. Бала жарақат алып, кейін ота жасалды. Бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы зорлау күдігімен ұсталып, кейін босатылған, ал артынан кісі өлтіру мен адам ұрлауға барған азаматты босатқан Талғар аудандық полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, сотқа төрт полиция қызметкерінің ісі жеткен. Онда екі учаскелік инспектор (салғырттық және қызметтік жалғандық бойынша), ал екі тергеуші (лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және әрекетсіздік бойынша) айыпталып жатыр. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 11:37